Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Zoom-да өткен онлайн-кеңес Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы үшін айыппұлмен аяқталды. Полицейлер анықтаған видеода ол жұмыс кездесуі кезінде электрон темекі шегіп отырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде онлайн-кеңестен видеожазба тараған болатын. Онда Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Саққұлақовқа ұқсайтын ер адам жиын кезінде электрон темекі шеккен.
Видеодан алынған кадр
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, видеожазба әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталған. Видеода ер адам қызметтік кабинетінде отырып, Zoom платформасында өтіп жатқан жиынға қатысып отырған. Бір сәтте ол электрон темекі шеге бастайды және бұл кадрға түсіп қалған.
"Тексеру нәтижесінде азаматтың жеке басы анықталды. Ол Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы болып шықты. Аталған дерек бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды", - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы - Қанат Саққұлақов. Ол мәслихатты 2023 жылдан бері басқарып келеді.
Аудандық мәслихат сайтынан скриншот
Бұған дейін Қанат Саққұлақов бірнеше рет депутат болып сайланған, сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысы лауазымын атқарған.
Полиция департаменті лауазым мен қоғамдық мәртебе заңнаманы сақтау міндетінен босатпайтынын атап өтті.
"Лауазым, мәртебе немесе қоғамдық жағдай заңнама талаптарын сақтау міндетінен босатпайды. Заң мен тәртіп баршаға - ешбір ерекшеліксіз ортақ", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Полиция мәліметінше, мәслихат төрағасына заңмен тыйым салынған жерде электрон темекі шеккені үшін ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 32 437 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу