Қарағанды облысында өнеркәсіпке заманауи технологиялар енгізіліп жатыр

28.10.2025

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Қарағанды облысында өнеркәсіпке заманауи технологиялар енгізу белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпорындарға цифрлық жүйені, жасанды интеллектіні енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артады.

Сондай-ақ шығын азайып, экологиялық көрсеткіштер жақсарады. Мұның бәрі Президент Жолдауындағы міндеттерді орындау аясында қолға алынған. Өндіріс пен өңдеу өнеркәсібін жасанды интеллект дәуірінде дамыту мәселелері Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен кездесуде талқыланды. 

Жасанды интеллектті дамытуда өңірдегі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың рөлі ерекше. Солардың бірі - ұлттық AI Sana бағдарламасының қатысушысы, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті. Мұнда цифрлық өндіріс пен робототехника саласының мамандары даярланады. Мысалы,  оқытушылар мен студенттер шахта кенжарындағы бұрғылау, жару жұмысын үйренуге арналған виртуалды оқу құралын әзірлеген.

Асқар Хамзия, Әбілқас Сағынов атындағы қарағанды техникалық университетінің докторанты:

- Осы құрылғының виртуалды көзілдірігі арқылы студенттер шахтаға түседі, ондағы жарылыс жұмыстарын жүргізеді. Қателіктер жіберсе, кейін сол қателіктерімен жұмыс жасайды. Яғни студенттер шахтаға түспей-ақ шахтаның жағдайын сезіне алады. 

Қарағанды облысында халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жасанды интеллект жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Мысалы, JoLScan жүйесі бейнесараптама арқылы жолдардың ақауын анықтайды. Сонымен қатар «ақылды бағдаршам», автотұрақтан орын іздеу жүйесі және жасыл желек есебіне арналған мобильді қосымша іске қосылды. Мұның барлығы өңірде цифрлық даму бағытында атқарылып жатқан ілкімді істер. 

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

-  Бүгінде біздің өңір аймақты цифрлық дамыту және басқару трансформациясы  бойынша көшбасшылар қатарында. Біз «Smart onir» тұжырымдамасын дамытуға бағытталған деректерді талдау және жасанды интеллектке негізделген жобаларды жүзеге асырып келеміз.

Жиынға қатысушылар жасанды интеллектіні өндіріс пен қызмет көрсету саласына енгізудің нақты қадамдары туралы ойларын ортаға салды. Негізгі мақсат - білім беру, технология және өнеркәсіп салаларының күшін біріктіріп, өңірді цифрлық дамытуды жеделдету.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью