Қарағанды облысында қанша майдангерге Жеңіс күніне орай 5 миллион теңгеден берілмек

27.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Жеңіс күніне орай Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен өзге де санаттағы азаматтарға біржолғы әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Жалпы қолдау көлемі 2,1 мыңнан астам тұрғынды қамтиды.

Аппараттық кеңесте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтің айтуынша, қазіргі таңда облыста Ұлы Отан соғысының 6 ардагері тұрады: олардың бесеуі Қарағанды қаласында, біреуі Осакаров ауданында. Майдангерлердің әрқайсысына 5 миллион теңгеден біржолғы төлем беріледі.

Тыл еңбеккерлеріне, жалпы саны 2 029 адамға, 100 мың теңгеден әлеуметтік көмек қарастырылған.

Сондай-ақ өзге де санаттағы азаматтар мемлекет қолдауына ие болады:

— концлагерь тұтқындары мен блокададағы Ленинград тұрғындары — 200 мың теңгеден (33 адам);
— қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлері мен жұбайлары — 50 мың теңгеден (89 адам).

Қаражатты төлеу сәуір–мамыр айларына жоспарланған. Бұған қоса, ардагерлерді шипажай-курорттық емделумен қамту тетігі қарастырылып, тиісті қаражат жергілікті бюджеттерде алдын ала бекітілген.

Осыған дейін Ақтөбеде Жеңіс күніне орай 4 мыңнан астам адамға біржолғы көмек берілетінін хабарлаған болатынбыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью