Қарағанды облысында сәуір айында қатты жел мен шаңды дауыл күтіледі

01.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қарағанды облысында 2026 жылғы сәуір айы климаттық нормадан жылырақ болады деп болжануда. «Қазгидромет» РМК Қарағанды облыстық филиалының мәліметінше, осы айда орташа ауа температурасы +6,1-ден +11,8 градусқа дейін жетіп, бұл қалыпты көрсеткіштерден шамамен бір градусқа жоғары болады.

Айдың басы тұрақсыз болмақ: түнгі уақытта ауа температурасы кейде нөлден төмендеп, күндіз +11…+16 градусқа дейін жылынады. Алайда осыдан кейін қысқа мерзімді салқындау кезеңі болуы мүмкін. Екінші онкүндікте синоптиктер біртіндеп күн жылынады деп болжайды – сәуірдің ортасына қарай күндізгі температура +16…+21 градусқа дейін көтеріледі, ал кезең соңында ауа температурасы +26 градусқа дейін жетуі ықтимал.

Үшінші онкүндік айдың ең жылы кезеңі болады деп күтілуде: түнде ауа температурасы 0-ден +15 градус аралығында сақталып, күндіз жекелеген аумақтарда +28…+33 градусқа дейін ысуы мүмкін.

Жауын-шашын мөлшері ай бойы норма шегінде болжанып отыр – 8-ден 30 мм-ге дейін. Сәуірдің алғашқы жартысында жаңбыр мен дымқыл қар жаууы ықтимал болса, кейінгі кезеңде жауын-шашын негізінен жаңбыр түрінде түседі. Синоптиктер шаңды дауылдардың болу қаупін де жоққа шығармайды – мұндай құбылыстар айдың басында, ортасында және соңына қарай байқалуы мүмкін.

Жел режиміне ерекше мән берілуде: сәуір айында желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал, әсіресе айдың ортасы мен соңында. Сонымен қатар сәуірдің орта тұсында найзағайлы құбылыстар да орын алуы мүмкін.

Көпжылдық метеорологиялық бақылауларға сәйкес, тәуліктік орташа температураның 0 градустан жоғары тұрақты өтуі әдетте 8–12 сәуір аралығында тіркеледі, ал қар жамылғысы осы кезеңнен кейін бірнеше күн ішінде толықтай ериді.

Мамандар ұзақ мерзімді ауа райы болжамы кеңес беру сипатында болатынын және нақты метеорологиялық жағдайларға байланысты нақтылануы мүмкін екенін ескертеді.

Осыған дейін синоптиктер Қызылорда облысының сәуір мен мамырдағы, сондай-ақ жаздағы ауа райына арналған болжамды ұсынғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью