Қарағанды облысының өзендерінде төрт мың шаршы метр мұз жарылды

18.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қарағанды облысында өзендердегі мұз бен қарды қопсытуға бағытталған жару жұмыстары жалғасып жатыр — бұл тасқын қаупін азайтудың негізгі шараларының бірі. Бұл жұмысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті қолға алған.

16 наурыз күні мұз жару жұмысы Бұқар жырау және Абай аудандарында өтті: Нұра өзенінің Петровка және Есенгелді ауылдары маңындағы екі учаскесінде, сондай-ақ Жастілек ауылы тұсындағы Өткелсіз өзенінде жүргізілді. Жұмыс Осакаров ауданында — Үлкен Құндызды және Сабырқожа өзендерінде жалғасты, мұнда шамамен 2000 шаршы метр аумақ өңделді.

Жалпы екі күн ішінде 4055 шаршы метр аумақ мұздан тазартылды. Мұндай шаралар еріген судың өтуін жеделдетуге, жағалаулар мен көпірлерге түсетін қысымды азайтуға және төтенше жағдайлар қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

17 наурыздағы жағдай бойынша өңірдегі тасқын ахуалы тұрақты: тұрғын үйлерді су басу және жолдарда су тасуы тіркелмеген.

Департаменттің мәліметіне сүйенсек, облыста тасқын кезеңіне дайындық алдын ала жүргізіліп, барлығы 132-ге жуық іс-шара атқарылыпты.

– 25 шақырым қорғаныс дамбалары нығайтылды, 21 шақырымнан астам арна тазартылып, салынды, 28 шақырым өзен арналары санитарлық тазартудан өтті, 54 жол учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылып, негізгі гидротехникалық құрылыстар жөнделді. 139 елді мекен және көлік инфрақұрылымының 130-дан астам ықтимал қауіпті учаскесі ерекше бақылауға алынды. Отын, азық-түлік, инертті материалдар мен қап қоры жасақталып, сондай-ақ шамамен 3,7 млрд теңге көлемінде қаржылық резерв қалыптастырылды, – делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде.

Өзендердегі жару жұмыстары әлі де жалғаса түседі. Келесі кезең Нұра ауданында жоспарланған. Азаматтық қорғау күштері жоғары дайындық режиміне көшіріліп, жедел әрекет ету үшін мобильді топтар құрылған.

Бұған дейін Қарағанды облысында тасқын маусымына дайындық аясында жағдайды 30 гидрологиялық бекет бақылап отырғаны хабарланған.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью