Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Жұмысты Qarmet компаниясы жүргізіп жатыр. Кәсіпорын ескірген локомотивтерді заманауи үлгілерге кезең-кезеңімен алмастыруға кірісті. Жаңа техниканы енгізудің пилоттық алаңы ретінде «Қазақстан» шахтасы таңдалды. Мұнда 2В8-900 маркалы электровоз пайдалануға берілді.
Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, бұл — соңғы жылдардағы алғашқы ауқымды жаңарту.
Шахталық электровоздар өндірістік үдерісте шешуші рөл атқарады. Жер астында олар ауыр тау-кен жабдықтарын, материал мен жұмысшыларды тасымалдайды. Олардың сенімділігі кәсіпорын жұмысы үздіксіз жүріп тұруына және қызметкерлердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Фото: QarmetЖаңа 2В8-900 электровоздары жақсартылған техникалық сипаттамаларымен ерекшеленеді. Олар қуаты жоғары әрі әмбебап: бір өзі де, сондай-ақ қосарланып та жұмыс істей алады — бұл жағдайда екі локомотив біртұтас механизм ретінде әрекет етеді. Төрт қозғалтқыштың әрқайсысы дербес жұмыс істейді, бұл тарту күшін арттырып, ауыр құрамдарды тасымалдауға мүмкіндік береді.
Фото: Qarmet— Өнімділік айтарлықтай артты: бұрынғы электровоздарымыз бір ауысымда 8 вагонға дейін ғана тасымалдай алса, жаңа машиналар 18 вагонға дейін жеткізе алады, — деп атап өтті «Қазақстан» шахтасы учаскесі бастығының орынбасары Серік Рамазанов.
Электровоз төрт аккумуляторлық батареямен жабдықталған, олар алты сағаттық ауысым бойы қайта қуаттаусыз үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Жер асты жағдайында бұл өндіріс тұрақтылығын айтарлықтай арттырады.
— Бұл электровозда параметрлерді тіркеу модулі орнатылған, сондай-ақ барлық қате мен ықтимал ақаулар көрсетілетін ақпараттық цифрлық табло бар. Бұл қатені, апатты және тиісті жөндеу жұмыстарын диагностикалау үдерісін жеңілдетеді, — деп атап өтті «Қазақстан» шахтасының рельсті көлік учаскесінің механигі Ильяс Сайфутяров.
Сонымен қатар борттық компьютерден деректерді жүктеп алып, кейін талдау жасау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл техниканың жай-күйін бақылауды жеңілдетіп, қызмет көрсету тиімділігін арттырады.
Фото: QarmetМашинистердің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Электровоз кабиналары жабық үлгіде жасалған және басқару тек отырған күйде жүзеге асатындай етіп жобаланған. Бұл өндірістік жарақат алу қаупін азайтып, еңбек жағдайын жақсартады.
«Қазақстан» шахтасы мамандарының бағалауынша, жаңа буын электровоздарын енгізу қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп жатыр: тасымал көлемі ұлғайып, жұмыс сенімділігі артып, техникалық ақауларға байланысты тоқтап қалу қысқарған.
Жер асты көлігін жаңарту — компанияның өндірістік қуаттарды жүйелі түрде жаңғыртуының бір бөлігі. Негізгі мақсат — тау-кен жұмыстарының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру. Биыл тағы тоғыз осындай техника жеткізу жоспарланып отыр.