Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Жауын-шашынның күшеюі, қатты жел мен ара-тұра жауған қар жол қозғалысын айтарлықтай қиындатып, кейбір учаскелерде көліктердің қозғалысы мүлдем тоқтаған.
Осындай сын сағатта полиция қызметкерлері арнайы техниканы күтпей, қолдарына күрек алып, жол жамылғысына құмды өз қолдарымен септі. Нәтижесінде тайғанақ учаскелерде көліктердің қозғалысы қалпына келтіріліп, жүргізушілерге жедел көмек көрсетілді.
— Бүгінгі күн патрульдік полиция батальоны үшін аса қауырт өтіп жатыр. Қазіргі уақытта Ақсу-Аюлыдан облыс орталығына дейін 300-ден астам жүк көлігін жеткіздік. Кейбір учаскелерде көліктер еңіске шыға алмай тоқтап қалды. Мұндай жағдайда жолға күрекпен құм сеуіп, қозғалысты қайта жандандырдық. Басты мақсатымыз — жолда қалған азаматтарды діттеген жеріне аман-есен жеткізу, — деді қауіпсіздік шараларын тікелей ұйымдастырып жүрген батальон командирі Медет Нұрмұханов.
Айта кету керек, қазіргі уақытта патрульдік полиция батальонының 150 қызметкері мен 70 экипажы тәулік бойы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.
Полиция қызметкерлері ауа райының күрт нашарлауына байланысты азаматтарды алыс жолға шықпауға, ал жолға шыққан жағдайда қозғалыс қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін екі облыста көлік қозғалысына шектеу қойылғанын жаздық.
Сонымен қатар ІІМ көлік жүргізушілеріне үндеу жасап, 20-дан астам учаске жабылғанын хабарлады.