Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қарағанды полициясы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты тексеру жұмыстарын бастады. Бейнежазбада ересек ер адам мен кәмелетке толмаған баланың арасындағы келіспеушілік тіркелген.
Instagram парақшаларының бірінде жарияланған мәлімет бойынша, оқиға 12 сәуірде Трудовая көшесіндегі №27 үйдің ауласында орналасқан балалар ойын алаңында болған.
Куәгерлердің айтуынша, басында балалар арасында кәдімгі аулаішілік келіспеушілік туындаған. Содан кейін балалардың бірі ата-анасына қоңырау шалып, көмекке шақырған. Оқиға орнына келген ересектердің бірі өзге балаға күш көрсеткен: алдымен оны буындырып, содан кейін сілкілеген. Соққыдан кейін бала жерге құлап, тынысы тарыла бастаған.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті бұл бейнежазба әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында анықталғанын хабарлады.
Аталған дерек бойынша полицияға ешқандай ресми арыз түспеген. Соған қарамастан, тәртіп сақшылары оқиғаға қатысушыларының барлығын жедел анықтап, мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізді.
Қазіргі уақытта жанжалдың себебі мен мән-жайды анықтау мақсатында жан-жақты тексеру жүріп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша әрбір қатысушының іс-әрекетіне заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Полиция кез келген қақтығыс тек заң аясында шешілуі тиіс екенін және қандай жағдай болмасын, күш қолдануға жол берілмейтінін ескертеді.
Бүгін, 14:49