Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Қарағандыда полицей мен Ұлттық ұлан офицері өрт шыққан пәтерден 5 баланы құтқарып қалды, деп хабарлады ішкі істер министрлігі.
Оқиға бүгін қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Үйіне қайтып келе жатқан Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен шыққан қою түтінді байқаған.
Жағдайдың аса қауіпті екенін бірден түсінген тәртіп сақшысы еш ойланбастан оқиға орнына қарай жүгірген. Сол сәтте оған Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Асхат Маханбетжанов қосылған. Олар жоғары қабатқа көтеріліп, қою түтінге толған пәтерге кіріп, ішінде қалып қойған бес баланы қысқа уақыт ішінде қауіпсіз жерге шығарған.
Құтқарылған балалардың туыстары келгенше Маханбетжанов оларды өз үйіне кіргізіп, қауіпсіз жерде болуын қамтамасыз еткен.
Балалардың өміріне еш қауіп жоқ екеніне көз жеткізген соң Дінмұхамет Сұлтан қайтадан жалын шарпыған пәтерге оралып, электр қуатын ажыратып, өрт сөндірушілер келгенге дейін сол аумақтағы тұрғынмен бірге асүйдегі өрт ошағын сөндіруге кіріскен.
Полицейдің дер кезінде жасаған шешуші әрекеттерінің арқасында адам шығынына әкелуі мүмкін қайғылы жағдайдың және ірі өрттің жолы кесілді.