Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Қарағанды қаласында болған өрт кезінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға лейтенант Асхат Маханбетжанов ерлік пен жанқиярлық танытып, көршілерімен бірге бес баланың өмірін аман алып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға шамамен сағат 11:30-да көпқабатты тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде болған. Өртті байқаған ұландық әскери қызметші үй тұрғындарымен бірге еш ойланбастан көмекке ұмтылды.
Қалың түтінге қарамастан, олар өз өмірлерін қатерге тігіп, өртеніп жатқан пәтерге кіріп, ішінде болған бес баланы қауіпсіз жерге алып шықты. Бірлескен әрі жедел әрекеттерінің арқасында балалар аман-есен құтқарылды.
Өрт сөндіру қызметі келгеннен кейін Асхат Маханбетжанов пен үй тұрғындары өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстарына көмек көрсетуді жалғастырды. Ал эвакуация аяқталған соң әскери қызметші балаларды ата-аналары келгенге дейін өз үйіне алып барып, қамқорлық жасады.
Бұл оқиға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де азаматтарға әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Сонымен қатар адамдарды құтқаруда үй тұрғындарының ауызбіршілігі, батылдығы және бейжай қарамаған азаматтық ұстанымы шешуші рөл атқарды