Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылынан кейін Қарашығанақ кен орнында газ өндіру көлемі қысқартылды.
Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, тәуліктік газ өндіру көлемі 34 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайтылған.
«Қысқартылған көлем – 9 мың тонна. Соған орай қазіргі уақытта бізде газ қабылдау қысқартылды», – деді министр.
Сонымен бірге Ерлан Ақкенженов өндірістің төмендеуіне қарамастан, елдің ішкі нарығын газбен қамтамасыз етуде ешқандай іркіліс болмағанын атап өтті.
«Бүкіл Қазақстанды газбен қамтамасыз етуде іркіліс болған жоқ. Қазіргі уақытта газ жеткізуге қатысты барлық міндеттемеміз толық көлемде орындалып жатыр», – деді ол.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қысқарту уақытша сипатта және ішкі тұтынушыларды көгілдір отынмен қамту көлеміне әсер етпейді.