Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Батыс Қазақстанға сұйытылған табиғи газ жеткізу үздіксіз жүріп жатыр, деп хабарлады Энергетика министрлігі.
"Маңғыстау және Атырау облыстарына сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты режимде және аймақтардың ай сйынғы есептік қажеттілігінен жоғары көлемде жүзеге асырылып жатыр", - делінген хабарламада.
Маңғыстау облысы бойынша, облыс әкімдігі мәлімдеген 18 мың тонна қажеттілікке қарамастан, министрлік маусым айына өңірге 19,5 мың тонна сұйытылған мұнай газын бөлді. Бұдан бөлек, сұраныстың артуын өтеу мақсатында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ ресурстарынан қосымша 1,5 мың тонна газ бөлінген.
"Аталған көлемдер өңірдегі автокөліктерді және транзиттік көліктерді толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Газды тиеп-жөнелту күн сайын жалғасып жатыр", - дейді министрлік.
Атырау облысы үшін болжамды сұраныс 9000 тонна газды құрайды.Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы профилактикалық жөндеуге жабылуына байланысты министрлік алдын ала жеткізу бағыттарын қайта қарап, өңірге резервтік көлемдерді жөнелтті. Нәтижесінде маусым айында Атырау облысы 11,6 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етілді.
Қажеттіліктен тыс бөлінген қосымша көлем (2,5 мың тоннадан астам) АМӨЗ жөндеу кезеңінде автокөлік иелерінің қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.
"Жергілікті сипаттағы уақытша іркілістердің Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіру көлемінің төмендеуімен байланысты екені жөнінде таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз", - деді министрлік.
Кен орнындағы жоспарлы жұмыстар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізбейді. Отандық тұтынушылар отынмен қалыпты жұмыс режимінде қамтамасыз етіліп жатыр, деді ведоство.