Қарасулықтар қара суға жарымай тұр

03.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Әсіресе, алқап тұрғындарының жанайқайы мен арызын арқалаған ағайынның қарасы азаймауда. Міне, солардың бірі қарасулық тұрғындар қара суға жарымай отыр. «Ай-күннің аманында арықтан су іштік» деген бұқара базынасын көтеріп, билік өкілдеріне сан мәрте барған. Алайда шенділер құрғақ уәдемен шығарып салады екен. 

№2 Қарасу көшесінің тұрғыны Бибігүл Мақұл­бекованың айтуынша, олар жандарына батқан жағдайды айтып бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. 

– 2-ші Қарасу көшесінде №101 А, №101 Б, №103, №56, №107 үйлерінде мүлдем ауызсу жоқ. Тіпті, құбыр да тартылмаған. Бұл мәселені көтеріп, қала әкімінің қабылдауына қаншама рет бардым. eGov арқылы да өтініш қалдырдым. Әкімнің екі орын­басарының да қабылдауына жазылдым. Алайда әкімдіктегілер 2022 жылдан бері құрғақ уәде беріп, шығарып салуда. 

Бүгінде қасымыздағы каналдан ауызсуды сорға (насос) арқылы алып, ішіп отырмыз. Ол судың құрамында не барын бір Құдай білсін?! Амал жоқ, қауіпті болса да сол суды тұтынып отырмыз. Бұлайша қашанғы каналдан су ішеміз? Еліміз дамып, эконо­микамыз өсіп жатыр дейміз. Теле­арнадан облыс пен қалада қыруар тірлік атқарылып жатыр дегенді ес­тиміз. Алайда облыс орталығында тұрып, арықтан су ішу деген не сұмдық? Осы мәселеге назар аударатын жан бар ма? – дейді жанай­қайын ашына жетізген Бибігүл Амангелдіқызы. 

Шынында, сананы сан саққа жүгіртетін жағдай. Облыс орталығында тұрып каналдан су ішетіндей не күн туды? Ауыз құбыры әлі жетпеген шалғайдағы елді мекен болса түсінер едік. Енді Тараз қаласында тұрып, арықтың суын тұтыну деген санаға сыймайтын нәрсе. 35 жылдың бедерінде ең болмаса облыс орталығы саналатын бас қалаларды ауызсумен қамти алмағанымыз ба? Бұл сауалмен салаға жауапты қалалық бөлімге қайырылғанымызбен, олардан тағы екіұшты жауап естідік. 

– 2024 жылы Тараз қаласының №10 аумақтық округіне қарасты көшелерде және алқаптарда ауызсу құбырын жаңғыртуға және ауызсу мүлдем жүргізілмеген көшелерде құбырларды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ал 2025 жылы жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жоба қолдау тауып, қаражат қарастырылса, 2026-2027 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобаны жергілікті бюджет көтермегендіктен, республикаға өтінім жасалды. Тұрғындар тарапынан қандайда сұрақтар болса, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне келіп, ресми құжатпен танысуға болады, – дейді аталған бөлімнің бас маманы Серік Тұрғын.

Байқап қарасаңыз, бөлімдегілер ауызсу құбырының сметалық құжаттарын әзірлеп, енді республикалық бюджетке өтінім жолдаған екен. Ал ол жақтан қашан қаржы бөлінетіні белгісіз. Жоспар 2026-2027 жылдарға меже­лен­ген. Алайда құрылысқа қаржы нақты бөлі­нетінін сала маман­дарының өзі де ашып айта алмай отыр. Сондықтан әзірге қара­сулықтарға ауызсуды арықтан ішуге тура келеді. Беті аулақ, алайда ертең сол судан індет тарап жатса кінәні кімге артып, жауапты кімнен аламыз?

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью