Қардан соғылған мүсін

31.01.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Ол жақында ақ ұлпадан елорда төріндегі Ақорданың макетін жасап шықты. Ақорданы жасауға Нәдірдің сегіз күні кеткен. Қардан қашалған мүсін қазір БҚО, Достық ауылының көркі болып тұр. 

Достық ауылы қаладан 20 шақырым қашықтықта орна­лас­­қан. Нәдір Қуанаев осы ауыл­дың тұрғыны. Достық ауылына кір­ген бойда «Нәдірдің үйі қайсы?» десеңіз, ауылдың бала-шағасына дейін оның үйін көрсетіп жібе­реді. Себебі ауылда қардан мүсін қашайтын жалғыз шебер. Ауыл дейміз-ау, Нәдір секілді қардан мүсін ойған ше­бер облыста да жалғыз. 

Нәдір Қуанаев өзі БҚО Жым­­питы ауылында 1998 жылы дүниеге келген. Ол Орал қала­сын­дағы Исатай Тайманов атын­­дағы жол-көлік колледжін көлік жүргізушісі мамандығы бойынша тәмамдаған. 

Қарапайым ғана ауыл бала­сы қардан мүсін жасап, күллі елге таныламын деген ой үш ұйық­таса да түсіне кірмеген. Бәрі аяқасты басталған. Әдет­тегідей қыс мезгілінде ауылда қар таза­лау деген жұмыс бар. Нәдірдің айтуы бойынша, бір кезекті қар тазалау жұмыстары кезінде осы қардан мүсін қашау идеясы ке­ліпті. 

– Мен ешқашан қардан мүсін қашап танымал боламын деп ойламадым. Бірде ауылдас ағам қар тазаласып жіберші деп шақырды. Ауладағы көп қарды аршып, бір жерге үйе бердік. Бір мезгілде үйілген қарға қара­сақ, кәдімгі балыққа ұқсап қап­ты. Ағам маған «осыны балық етіп қашап көрейік» деп идея айтты. Біз сол күні үйілген қар­дан ба­лық­тың мүсінін жасадық. Сөй­тіп, осы өнерге 2020 жылы кел­дім. Алғаш рет қызыл ма­­ши­на­­ның макетін жасадым, –  деп еске алады Нәдір Қуанаев. 

Ол  Орал қаласындағы орта­лық мешітті де айнытпай қар­дан жасап шыққан екен. Ме­шітті жасау үшін төрт тонна қар жинаған. Одан кейін 2023 жылы патрульдік полиция көлігін де өте сәтті жасап шықты. Оның айтуынша, қардан мүсін жасау үшін ең басты керек құрал – ол кәдімгі қолара. 

– Маған өте көп адам хабар­ласады. Қызығып сұрап жатады. Бала-шағаларын ертіп келіп суретке түседі. Бұл менің одан әрі шабыттанып жұмыс істеуіме түрткі болады. Тіпті әлеуметтік желіде өте жылы қабылдап, көп жақсы тілек айта­ды. Менің жұмы­сыма керек дүние бұл кә­дім­гі ара ғой. Сосын те­гіс­­тігін тексеріп отыру үшін өлше­гіш­ті қолданамын, – дейді Нәдір Қуанаев.

Жас шебер осы жа­қында ғана  Ақорданың макетін салды. Бұл макет әлеуметтік же­ліде тез тарап, көпшіліктің қол­дауына ие болды. Нәдір Ақорданы жасау үшін 5 тонна қарды пайдаланған. Сегіз күн бойына ерін­бей ақ ұлпадан қашап, Ақорда ғимаратын айныт­пай салып шық­­қан. Нәдір Қуа­наев өзі жы­лы­жайда жұ­мыс іс­тейді. Қардан мү­сінді көбіне кеш­кісін жұ­мыс­тан кейін қол­ға ала­ды. Ақор­даның макетін тама­шалап келу­шілер қарасы көп.

Әсіресе, ауыл адам­дары бала-шаға­сымен келіп су­ретке түседі. Ақорда­ның ма­ке­­­ті­нің айналасына жарық шам­дар орнатылған. Олар түнде жа­нып, айналаны жап-жарық етіп сән беріп тұрады. 

5 тонна қардан жасалған Ақорданың  ұзындығы – бес метр, ал ені үш метрді құрай­ды. Биіктігі – 160 см. Қардан жасалған нысанның маңдай­шасына Елтаңбаны орнатып, Көк байрағымызды да іліп қо­йыпты. 

– Ақорданы өзім көрген емеспін. Астанада болып жүр­мін ғой, бірақ жолым түспепті. Тек суреттен, видеодан қарап, жасап шықтым. Маған ең қиын­дық туғызғаны – терезе­лерінің көп­тігі. Оларды ойып, қашап кесу көп уақыт алды. Негізі мұндай мүсіндер қатты аязда өте сәтті жасалады. Ал жылы күндері сәтті шықпайды, – дейді кейіп­керіміз. 

Жақсы азамат – ауыл үшін мақтаныш. Қазір Нәдірдің есімі Достық ауылы үшін мақтаныш­қа айналды. Ауыл тұрғындары бос уақыттарында Нәдірдің аула­сына жиналып, қардан дайын­далған мүсіндерді тама­ша­лап суретке түседі. 

Сондай жандардың бірі – Марат Наурызәлиев. Ол Нәдір­дің әр туындысын жақсы біледі. 

– Біз бәріміз осы Нәдірдің жұмысын қызықтап жүреміз. Ең бірінші полицияның ма­шина­­сын салды. Одан кейін мешітті тұрғызды. Бүкіл ауыл болып осы Нәдірдің ауласын торып жүре­міз. Бала-шағамыз­бен фотоға түсіп, мәз боламыз. Бұл енді тума талант қой, – дейді  Марат Наурызәлиев. 

Ал Достық ауылының тұр­ғыны Мақсот Әбілов болса, Нәдірдің арқасында ауылға келетін азаматардың саны кө­бей­ді, балалар үшін де жақсы үлгілі іс жасап жүр деп ауыл­дасын мақтап қойды. 

– Бұл біздің ауыл үшін жақсы үрдіс болды. Соңғы жылдары ауылымызға келетін адамдар көбейді. Нәдір тұрғыз­ған ғи­мараттарды тамашалау үшін арнайы келеді. Былайша айт­қанда, туристер дейміз ғой. Ауыл өркендеп жатыр. Нәдірдің осы еңбегінің арқасында ауыл адамдары да бір ермек тапқан­дай деп қуана қолдап отыр, – дейді ауылдасы. 

Нәдір Қуанаев «қыстың аязды болғаны жақсы» дейді. Себебі жылы болса, қар жы­мыс­­қы тартып, мүсін ойлаған­дай шықпайды. Айтпақшы, былтыр қыс жылы болып, Нәдір өзі ойла­ған мүсіндердің кейбірін  жүзеге асыра алмапты. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью