Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Ең күрделі жағдай Нидерландыда қалыптасты. Ауа райының қолайсыздығы мен техникалық ақаулар теміржол қатынасын толықтай тоқтатты. Елдің басты әуежайы саналатын Амстердамдағы Схипхол әуежайында шамамен 700 рейс кейінге шегерілді. Бұл – жоспарланған ұшып-қону рейстерінің жартысынан астамы.
Францияда да жағдай күрделі. Орли мен Шарль-де-Голль әуежайларында рейстердің 15 пайызы тоқтатылды. Елдің автомагистральдарында жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырымға созылған алып кептелістер пайда болды. Нормандия аймағында ауа райына байланысты жол-көлік апаттары салдарынан кемінде бес адам қаза тапты. Қар мен аязға байланысты жоғары жылдамдықты TGV пойыздары жылдамдығын сағатына 300 шақырымнан 200 шақырымға дейін төмендетуге мәжбүр болды. Парижде автобус қозғалысы уақытша тоқтатылып, кейбір трамвай желілері жабылды.
Польшада пойыздардың бірнеше сағатқа кешігуі тіркелсе, Швеция мен Босния және Герцеговина әуежайлары көптеген рейсті жаппай тоқтатуға мәжбүр болды. Румынияның Трансильвания аймағындағы Карпат өңірінде қар басқан жолдар салдарынан бірнеше ауыл сыртқы әлеммен байланыссыз қалды.
Қарлы боран Германияны да шарпыды. Басылым мәліметінше, жолдардағы көктайғақ көптеген жол апатына себеп болып отыр. Түнгі ауа температурасы минус 24 градусқа дейін төмендеген. Алдағы күндері елде қарлы боран, кей жерлерде мұзды жаңбыр мен екпінді жел күтіледі. Желдің жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Мамандар 8–9 қаңтар күндері көлік қозғалысында елеулі іркілістер болуы ықтимал екенін ескертті.
Қолайсыз ауа райы Ұлыбританияға да жетті. Бірқатар әуежайда рейстер тоқтатылды. Ел бойынша жүздеген мектеп жабылды. Тек Солтүстік Ирландияның өзінде 212 оқу орнында сабақ өтпей қалды. Ұлыбританияны құрлықтағы Еуропамен байланыстыратын Eurostar компаниясы жолаушыларға сапарларын кейінге қалдыруды ұсынды. Нидерландыдағы ауа райының қолайсыздығына байланысты пойыздар тек Брюссельге дейін ғана қатынады.
Табиғи апат Испанияға қарасты Балеар аралдарына да жетті. Мальорка аралында қалыптан тыс мөлшерде қар жауып, билік сары деңгейдегі қауіп режимін енгізді.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Еуропадағы ең үлкен әуежайда жүздеген рейс кейінге шегеріліп, тоқтатылуы мүмкін екені ескертілген болатын.