Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Сарапшының айтуынша, бүгінде қоғамда сөз бостандығы тақырыбына деген қызығушылық айқын байқалады.
– Мен үшін, сөз бостандығын қорғауды басты мақсат еткен ұйымның басшысы ретінде, бұл – қуантарлық жағдай. Алайда сонымен бірге қоғамдық талқылаулардың сапасы алаңдатады. Атап айтқанда, пікірталастардың басым бөлігі нақты деректерге емес, жорамалдарға негізделіп жатады. Айта кету керек, Конституция жобасының түпкілікті мәтіні әзірге жоқ. Біз әртүрлі нұсқаларды талқылап, тұжырымдамалардағы екіұштылықты болдырмау және құқықтық нақтылықты қамтамасыз ету үшін өз ұсыныстарымызды енгіздік. Осы кезеңде бастысы – жаңа редакциядағы Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріледі және цензураға тікелей тыйым нақты бекітіледі, - деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Оның сөзінше, бұл нормалар қоғам үшін қағидатты маңызға ие, өйткені олар азаматтық институттар мен мемлекет арасындағы сенімнің негізін қалыптастырып, ашық диалог стандарттарын белгілейді әрі елдің демократиялық дамуын нығайтады.
– Қоғамдағы алаңдаушылықтың бір бөлігі қолданыстағы Конституцияның 12-бабымен байланысты екенін түсінемін. Онда бір адамның құқықтары мен бостандықтары өзге адамның құқықтары мен бостандықтары басталатын жерде шектелетіні айтылған. Алайда мұндай шектеулер қазірдің өзінде бар екенін және олардың Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына толық сәйкес келетінін атап өткен жөн. Ешбір бостандық өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын тану және құрметтеу, сондай-ақ демократиялық қоғамдағы мораль, қоғамдық тәртіп пен жалпы игілік талаптарын қамтамасыз ету мақсатынан тыс шектелмейді, - деп түсіндірді Қарлығаш Жаманқұлова.
Бұған дейін Конституцияға енгізілетін түзетулерде сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстарды өткізу құқығы сақталатыны айтылған еді.