Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Кассациялық сот атыс қаруын қолдануға тырысып, бұзақылық жасағаны үшін сотталған Қазақстанның екі тұрғынының ісін қайта қарады. Сот төбелес кезінде ер адамдардың бірі аңшы мылтығын ұстап тұрғанын, бірақ оны қолданбағанын анықтады. Нәтижесінде екеуінің де жазасы жеңілдетіліп, олар сот залынан босатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мессенджердегі жанжал төбелеске ұласты
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталғандардың бірі мессенджерде жәбірленушімен сөзге келіп қалған. Кейін ер адамдар өзара есеп айырысу үшін кездесуге шешім қабылдаған.
Сөзге келу соңы төбелеске ұласқан. Жанжал кезінде сотталғандардың бірі жәбірленушімен төбелессе, екіншісі қолына аңшы мылтығын ұстап тұрған. Бұл ретте ешқандай оқ атылмаған, қару қолданылмаған.
Бірінші сатыдағы сот төбелескен адам мен мылтық ұстаған ер адамды бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім кесті. Сотталғандар апелляциялық шағым түсіргенімен, нәтиже олар күткендей болмады. Апелляциялық алқа шартты жазаның күшін жойып, ер адамдарды жазасын өтеу үшін бас бостандығынан айыру орындарына жіберді.
Неге кассациялық сот үкімді өзгертті?Кейін істі кассациялық сот қарады. Сот бірінші және екінші сатыдағы соттардың қылмыстық заңды дұрыс қолданбағанын анықтады.
"Қылмыстық қудалау органы сотталғандарға атыс қаруын қолдану саралау белгісін тақпаған, алайда сот айыптау шегінен шығып, оны үкімге енгізіп жіберген", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ кассациялық саты іс материалдары қару қолдану бойынша алдын ала сөз байласу дерегін растамағанын анықтады.
Іс немен аяқталды?"Оқиғаның бейнежазбасы мен жәбірленушінің айғақтары қарудың қолданылмағанын дәлелдейді, ал оны көрсетудің өзі атыс қаруын қолдану саралау белгісін құрамайды", - деп түсіндірді соттағылар.
Кассациялық сот сотталғандардың әрекетін ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінен "Қаруды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған бұзақылық" ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына "Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бұзақылық" қайта саралады.
Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, жәбірленушінің ұстанымын және амнистияны қолдануды негізге ала отырып, әрқайсысына түпкілікті 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталғандар сот залынан қамаудан босатылды.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу