Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Себебі мен салдары көп
– Кейінгі жылдары жалақы да, халықтың қарызы да өсіп жатыр. Қалыпты жағдайда табыс артқан сайын қарызға тәуелділік азаюы керек сияқты. Ал еліміздегі осы екеуінің қатар артуын қалай түсіндіруге болады?
Бауыржан Ысқақ:
– Бұл құбылыс тек бізде болып жатқан жоқ. Экономикалық тұрғыдан қарасақ, табыс өскен сайын адамдардың тұтыну деңгейіне деген талабы да артады. Мұны «өмір салты инфляциясы» деп атайды. Яғни адамның табысы көбейген сайын оның қажеттіліктері де ұлғаяды. Мысалы, бұрын 200 мың теңге табыс тапқан адам 350 мың теңге ала бастаса, ол бұрынғыдай өмір сүрмейді. Тұрмыс сапасын жақсартуға, жақсырақ тауарлар мен қызметтерді тұтынуға ұмтылады. Нәтижесінде, шығын көлемі де өседі.
Елімізде бұл үрдіске бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, инфляция халық табысының нақты өсімін әлсіретеді. Ресми түрде жалақы өсіп жатқанымен, тұрғын үй бағасының өсуі, азық-түлік құнының артуы, білім мен медициналық қызметтердің қымбаттауы азаматтардың сатып алу қабілетіне қысым түсіреді. Екіншіден, кейінгі жылдары цифрлық қаржы қызметтерінің дамуы несие алуды бұрын-соңды болмаған деңгейде жеңілдетті. Бұрын адам банкке барып, бірнеше күн күтіп, құжат жинап жүретін. Қазір смартфондағы бірнеше батырманы басу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеп жібереді. Иә, керек ақшаны ала салу оңай, бірақ қарыз алуға деген психологиялық кедергі де азайды. Үшіншіден, халықтың белгілі бір бөлігі несиені қаржылық қиындықты жабу құралы ретінде емес, болашақ табысын бүгін пайдалану тетігі ретінде қабылдай бастады. Сондықтан жалақы мен қарыз көлемінің қатар өсуі тұтыну мәдениетінің өзгергенін көрсетеді деп ойлаймын.
Асан Ахметжанов:
– Барлығымыз жақсы білеміз, 2020 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген пандемия болды. Сол кезеңде көптеген экономикалық үдеріс баяулады, кейбір салаларда мүлде тоқтап қалды. Қозғалыс шектелді, сауда бәсеңдеді, қызмет көрсету секторында қиындықтар туындады. Адамдар да өздерінің көптеген жоспарын кейінге қалдырды. 2021 жылдан бастап шектеулер біртіндеп алына бас-тады. Ал 2022 жылы пандемияға байланысты енгізілген негізгі шектеулер толық жойылды. Осыдан кейін экономикада кейінге қалдырылған сұраныс құбылысы байқалды. Яғни пандемия кезінде жүзеге аспай қалған тұтынушылық қажеттіліктердің бәрі қайтадан нарыққа шықты. Соның нәтижесінде 2021–2023 жылдары тұтынушылық несиелер өте жоғары қарқынмен өсті. Әсіресе кепілсіз тұтынушылық несиелердің көлемі ерекше қарқын алды. Кей кезеңдерде олардың жылдық өсімі 30 пайыздан асып, тіпті 34 пайызға дейін жетті.
Ал сол уақыттағы экономиканың нақты өсімі шамамен 5–7 пайыз деңгейіне жетті. Экономиканың өсу қарқыны мен тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны арасында айтарлықтай алшақтық пайда болды. Сол себепті 2023 жылдан бастап Ұлттық банк пен басқа да реттеуші органдар бірқатар макропруденциялық және микропруденциялық шараларды іске асыра бастады. Мұндағы мақсат тұтынушылық несиелеуді тоқтату емес. Біз ешқашан «несие беруді тоқтату керек» деген ұстанымда болған жоқпыз. Біздің мақсат – нарықты салқындату, шамадан тыс өсу қарқынын бәсеңдету.
Мысалы, секторлық контрциклдық капитал буферін енгіздік. Бұл қарапайым тілмен айтқанда, банктер мен микроқаржы ұйымдары өздерінің несие портфеліне қатысты қосымша резерв ұстау міндеттемесі. Қазір мұндай резерв мөлшері шамамен 2 пайызды құрайды. Бұл не үшін қажет? Егер нарықта тәуекел көбейсе немесе экономикада қиындық туындаса, қаржы ұйымдарының тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Оны банк жүйесінің қауіпсіздік жастығы деуге болады.
Сонымен бірге Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан да маңызды өзгерістер қабылданды. Мысалы, төлем мерзімі 90 күннен асқан қарызы бар азаматтарға жаңа несие беру шектелді. Тұтынушылық несиелерге шекті мөлшерлемелер енгізілді. Қарыз алушының жүктемесіне қойылатын талаптар күшейтілді. Несие құнының ашықтығына қатысты талаптар да қайта қаралды. Осының барлығы кешенді түрде жүзеге асырылған шаралар. Қабылданған шешімдердің нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Егер бұрын тұтынушылық несиелеудің жылдық өсімі 30 пайыздан асып кетсе, бүгінде ол шамамен 6 пайыз деңгейіне дейін баяулады.
Нұрболат Туысбайұлы:
– Қазіргі интернет дәуірінде адамдарға әсер ететін фактор өте көп. Банктер мен қаржы ұйымдары маркетинг құралдарын кәсіби деңгейде пайдаланып отыр. Әлеуметтік желіге кірсеңіз де, мобильді қосымша ашсаңыз да, алдыңыздан бөліп төлеу, жеңілдетілген несие, түрлі акциялар шығады. Бәрі адамды тұтынуға ынталандырады. Бір қарағанда мұның бәрі қолжетімді әрі ыңғайлы көрінеді. Сондықтан қазір қаржылық сауаттылық бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Біз әлі күнге дейін несие алар кезде келісімшартты толық оқымаймыз. Бұл – қоғамдағы үлкен мәселенің бірі. Кейбір адамдар ондаған беттен тұратын шарттарды оқуға уақыт бөлгісі келмейді. Бірақ қазіргі технологиялардың өзі бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мысалы, әр адамның қолында дерлік жасанды интеллект құралдары бар. Банктің келісімшартын сол жүйеге жүктеп, «маған осы шарттың негізгі тәуекелдерін түсіндіріп берші» десе, жеткілікті. Бірнеше секундтың ішінде жасанды интеллект артық төлем көлемін де, ықтимал тәуекелдерді де, болашақтағы қаржылық салдарды да түсіндіріп береді. Кейде мұны банктің менеджері де дәл осындай қарапайым тілмен жеткізе алмайды. Сондықтан технологияны тек ойын-сауыққа емес, қаржылық шешім қабылдауға көмектесетін құрал ретінде де пайдалануымыз керек.
Жалпы, қарызға бату себептерінің бірі – адамдардың эмоцияға беріліп шешім қабылдауы. Қазірде кез келген затты бөліп төлеп алуға болады. Телефон болсын, тұрмыстық техника болсын, жиһаз болсын, тіпті ұсақ-түйек заттардың өзін несиеге рәсімдеуге мүмкіндік бар. Мен жастардың арасында да осы үрдісті жиі байқаймын. Студенттердің өзі бөліп төлеуге өте бейім болып барады. Олар «айына бір-екі мың теңге ғана төлеймін ғой» деп ойлайды. Бір қарағанда аз ақша сияқты көрінеді. Бірақ солай бірнеше затты қатарынан рәсімдеген кезде ай сайынғы төлемдердің көлемі қалай өсіп кеткенін байқамай қалады.
Дулат Тайгелтірұлы:
– Қаржылық сауатты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы осыдан үш жыл бұрын қолға алынған-тұғын. Бүгінге дейін 1,4 млн-нан астам адамды арнайы курстармен қамтып, 1 млн-ға жуық азаматқа заңгерлік кеңес бердік. Біздің тәжірибеде ең жиі кездесетін қателік – бір қарызды екінші қарызбен жабу. Адам алғашқы несиесін өтей алмай, жаңасын алады. Кейін банктер қарыз бермеген соң, пайызы өте жоғары микрокредит ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, қарыз көлемі ұлғайып, адам тығырыққа тіреледі. Көпшілік несие шартындағы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне назар аудармайды.
Тағы бір қателік – тұтынушылық несиені кәсіп ашуға пайдалану. Бизнестің табыстылығы көбіне 20–30 пайыз шамасында болса, тұтынушылық несиенің мөлшерлемесі 46–50 пайызға дейін жетеді. Сондықтан мұндай қымбат қарызбен кәсіп жүргізу тиімді емес. Алдымен кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, мемлекет ұсынатын қолдау құралдарын пайдаланған дұрыс.
Жобаға жүгінетін азаматтардың көбі банкроттық рәсімге келеді. Бірақ оның заңмен реттелетінін, белгілі талаптары бар екенін бәрі бірдей біле бермейді. Сондықтан заңгерлеріміз құжат жинаудан бастап, сот үдерісіне дейін азаматтарды тегін сүйемелдейді. Қазір интернет-алаяқтық та көбейді. Мұндай жағдайда, ең алдымен, банкке хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Сондай-ақ eGov порталындағы «Несие алуға ерікті түрде тыйым салу» қызметін пайдаланып, несие тарихын тұрақты тексеріп отырған жөн.
Қаржылық қиындық көбіне жоспарсыз шығыннан басталады. Кейде адамдар өз мүмкіндігін емес, өзгеге еліктеуді ойлап, шамасы келмейтін шығынға барады. Сол себепті біз тек қарыз мәселесін шешумен шектелмейміз. Азаматтың қарызға қалай түскенін талдап, оны қайталамаудың жолдарын түсіндіреміз. Егер банкпен жаңа төлем кестесі жасалса, соны қатаң сақтау маңызды. Ал несие толық өтелгеннен кейін бұрынғы ай сайынғы төлемді қайтадан қарызға емес, жинаққа бағыттаған әлдеқайда тиімді.
Руслан Қайратұлы:
– 10–15 жыл бұрын несие рәсімдеу бүгінгідей оңай емес еді. Банкке барып, кезек күтіп, түрлі құжат жинауға уақыт кететін. Сол себепті адамның несие алу туралы алғашқы сезімі басылып қалатын. Қазір рәсімдеу әлдеқайда жеңілдеді. Сонымен бірге адамдардың қажеттілігі мен шығыны да артты. Әсіресе ауылдан қалаға көшкен азаматтар жаңа өмір салтына бейімделу мақсатында несиеге жиі жүгінеді.
Әлеуметтік зерттеулер де бұл үрдістің айтарлықтай өзгермегенін көрсетеді. 2017 жылғы дүниежүзілік құндылықтар зерттеуінде отандастарымыздың 55 пайызы несие институттарына сенім білдірсе, 2024 жылғы зерттеуіміздегі көрсеткіш соған жуық болып отыр.
Несиеге деген көзқарастың өзгермеуіне бірнеше себеп бар. Соның бірі – қоғамда әлі күнге дейін «несие бір күні кешіріледі» немесе «банкроттық арқылы барлық қарыздан оңай құтылуға болады» деген қате түсініктің сақталуы. Мұндай пікірлердің қалыптасуына әлеуметтік желідегі кейбір блогерлердің үстірт ақпарат таратуы да әсер етеді. Ал шын мәнінде банкроттықтың өз талаптары мен салдары бар: белгілі бір уақыт несие ала алмайсыз, қаржылық өміріңізге бірқатар шектеу қойылады.
Зерттеу нәтижелері ұзақ уақыт несие-мен өмір сүру адамның психологиялық жағдайына да, отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа да әсер ететінін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 78 пайызы бір немесе бірнеше несие төлеп жүр. Олардың 19,7 пайызында мерзімі өткен төлем бар, ал 50 пайызға жуығы несиені өтеу барысында түрлі қиындық көргенін айтқан. Әлеуметтік салдары бұдан да айқын. 20,7 пайыз респондент несие өміріне елеулі қиындық әкелгенін айтса, 16,4 пайызы оның отбасындағы кикілжіңге себеп болғанын жеткізген. Ал 9,5 пайызы несие салдарынан отбасында жанжалдар болғанын мойындаған. Сондықтан зерттеу нәтижесі әсіресе жас отбасыларға қаржылық міндеттеме алғанда барынша сақ болу қажет екенін көрсетеді.
Қарыз алғанға ғана оңай...
– Әңгімеден аңғарғанымыз, қарыз мәселесіне біржақты қарауға болмайды. Мұнда тұрмыс та, тұтыну мәдениеті де, психология да жатыр. Бір жағынан жұрт жақсы өмір сүргісі келеді, екінші жағынан қарыз қамытына түсіп қалу қаупі жоқ емес. Сонда осы екі араның өлшемі қандай болуы керек? Қай тұста қарыз адамға мүмкіндік береді, қай тұста тұзаққа айналады?
Асан Ахметжанов:
– Бұл шын мәнінде орталық банктердің негізгі философиясы десек болады. Ұлттық банк те, әлемдегі кез келген орталық банк те күн сайын осы тепе-теңдікті іздейді. Біз базалық мөлшерлемені белгілейміз. Яғни экономикадағы ақшаның құнын айқындаймыз. Егер базалық мөлшерлемені шамадан тыс көтеріп жіберсек, ақша қымбаттайды. Несие алу қиындайды. Кәсіпкерлердің инвес-тиция салуға деген ынтасы төмендейді. Экономикалық белсенділік баяулайды. Ал керісінше, ақшаны тым арзан қылып жіберсек, экономика шамадан тыс қызып кетеді. Инфляция өседі. Баға бақылаудан шыға бастайды. Мұны адам ағзасымен салыстыруға болады. Ағзаның температурасы тым төмен болса да қауіпті, тым жоғары болса да қауіпті. Сондықтан қалыпты деңгей қажет. Экономикада да дәл солай.
Дәл осы қағидат әрбір отбасы мен әрбір азаматқа маңызды. Қаржыны басқаруда да тепе-теңдік болуы керек. Мысалы, тұтынушылық несиені көбіне теріс құбылыс ретінде қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде ол әрдайым жаман нәрсе емес. Кейде ол отбасының өмір сапасын жақсартуға көмектеседі. Кейбір маңызды қажеттіліктерді дәл уақытында шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан мәселе несиенің өзінде емес, оны қалай пайдалануда.
Кез келген қаржы құралы дұрыс қолданылған кезде ғана пайда әкеледі. Егер адам өзінің табысын, шығысын, болашақтағы міндеттемелерін есептеп, саналы шешім қабылдайтын болса, несие оның әл-ауқатын арттыру құралына айналуы мүмкін. Ал егер қаржылық шешімдер эмоциямен қабылданып, адам өз мүмкіндігін дұрыс бағаламаса, онда тәуекелдер көбейеді. Сондықтан мемлекет те, қаржы ұйымдары да, азаматтардың өзі де осы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылуы қажет. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты артып, қаржы жүйесінің тұрақтылығы сақталып, экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізе аламыз.
Бауыржан Ысқақ:
– Қарыз көлеміне баға бергенде абсолют сандарға ғана қарап қорытынды жасау дұрыс емес. Ең алдымен сол қарыздың құрылымына, сапасына, халықтың төлем қабілетіне қарау қажет. Егер халықтың табысы тұрақты өсіп, жұмыспен қамту деңгейі жақсы болса, азаматтар қарыздарын уақытылы өтеп отырса, онда 27,5 триллион теңгенің өзі автоматты түрде апат белгісі емес. Кез келген дамып келе жатқан экономикада несие нарығының өсуі – қалыпты құбылыс. Бірақ бұл жерде алаңдататын мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – тұтынушылық несиелердің жоғары үлесі. Егер несие негізінен бизнес ашуға, өндіріс құруға немесе табыс әкелетін активтерді сатып алуға жұмсалса, оның экономикаға әсері басқа болады. Ал егер қарыздың басым бөлігі күнделікті тұтынуға кетсе, онда ұзақ мерзімде тәуекел артады.
Америкалық экономист Торстейн Веблен «көрнекі тұтыну» теориясында адамдар қажеттілігіне емес, әлеуметтік мәртебесін көрсетуге де ақша жұмсайтынын жазған. Осы құбылыс бізде де бар екені анық. Әсіресе әлеуметтік желілер дәуірінде адамдар өз өмірін өзгелерге көрсетуге көбірек мән бере бастады. Бұрын адамның тұрмыс деңгейін оның жақын ортасы ғана білетін болса, қазір әлеуметтік желі арқылы жүздеген, мыңдаған адамға көрсетуге мүмкіндік бар. Сол себепті кейбір адамдар қымбат телефонды, көлікті, салтанатты тойды немесе демалысты нақты қажеттілікке емес, белгілі бір әлеуметтік мәртебені көрсету құралы ретінде қарастырады. Бұл әсіресе жастар арасында байқалады. Мұнда мәселе тұтынудың өзінде емес. Мәселе табыс пен шығын арасындағы тепе-теңдікте жатыр. Егер адам өзінің қаржылық мүмкіндігіне сай өмір сүрсе, бұл – қалыпты жағдай. Ал егер мәртебелік тұтыну қарыз есебінен қаржыландырылса, онда ол қаржылық тәуекелге айналады.
Нұрболат Туысбайұлы:
– Осы ретте әр адамға берер бір қарапайым кеңесім бар. Ең алдымен, адам өз кірісі мен шығысын нақты есептеп үйренуі керек. Көп жағдайда қаржылық шешімдерді жоспармен емес, эмоциямен қабылдаймыз. Бір нәрсе ұнап қалды ма, бірден алғымыз келеді. Бірақ кез келген үлкен шығынның алдында өзімізге бір сұрақ қоюымыз керек: «Менің оған шынымен шамам жете ме?» Әрине, өмірде бәрі оңай емес. Кейде адамдардың табысы шығынына сәйкес келмей жатады. Адам болған соң оның да жақсы өмір сүргісі келеді. Ол да жұрт қатарлы шетелге барғысы келеді, жақсы көлік мінгісі келеді, отбасының жағдайын жақсартқысы келеді. Мұның бәрі табиғи нәрсе. Сондықтан қарыз алып жүрген адамдардың бәрін жауапсыз деп айтуға болмайды. Кейбіреулер шынымен тұрмыстық қажеттіліктен несие алады.
Әлемдік қаржылық тәжірибеде адамның несиеге байланысты барлық төлемі табысының шамамен 30 пайызынан аспауға тиіс деген қағида бар. Егер кредиттік жүктеме табыстың үштен бірінен асып кетсе, бұл – қауіпті белгі. Сол сәттен бастап адам ойлана бастауы керек. Өйткені несиеден бөлек өмірде басқа да шығындар бар. Коммуналдық төлем бар, азық-түлік бар, балалардың қажеттілігі бар, жалдамалы пәтер болуы мүмкін, ипотека болуы мүмкін. Бір баласы ақылы мектепте оқитын шығар, спорт секциясына қатысатын шығар. Мұның бәрі ай сайын ақша талап етеді. Сондықтан адам тек несиенің ай сайынғы төлеміне қарап шешім қабылдамауы керек. Ол барлық шығынын қосып есептегенде ғана өзінің нақты мүмкіндігін көре алады. Қаржылық тәртіп дегеніміз – осы.
Дулат Тайгелтірұлы:
– Әсіресе жастардың қаржылық тәртібіне ерекше көңіл бөлу керек. Өйткені бүгін алған әрбір несие ертең баспана немесе ірі көлемдегі несие рәсімдеуге әсер етеді. Көпшілік мән бере бермейтін тағы бір мәселе – бөліп төлеу. Ол қарапайым дүкен қызметі сияқты көрінгенімен, көп жағдайда несие тарихында көрініс табады. Сондықтан қажет болмаса, әр ұсынылған бөліп төлеуді пайдалана беру дұрыс емес.
Жарнаманың да әсері күшті. Жаңа телефон, сәнді зат немесе түрлі акцияларға қызығып, жоспарланбаған шығынға бару кейін қаржылық қиындыққа ұрындыруы мүмкін. Қаржылық тәртіп, ең алдымен, өз қалауыңды тежей білуден басталады. Отбасындағы қаржы мәдениетінің де маңызы зор. Егер ата-ана үнемі бір қарызды екінші қарызбен жауып үйренсе, бала да соны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Сондықтан қаржылық сауаттылық, ең алдымен отбасынан басталуы керек.
Жобаға жүгінетін азаматтардың ортақ бейнесі де қалыптасты. Көпшілігінің тұрақты жұмысы да, жеке баспанасы да жоқ, ал қарызы шамамен 5–6 миллион теңгенің айналасында болады. Кейбірі тұрақты жұмысқа орналасудан да қашады, өйткені жалақысынан несие ұсталады деп ойлайды. Бірақ бұл мәселені шешпейді. Сондықтан біз азаматтарды тек банкроттық рәсімінен өткізіп қана қоймай, жұмысқа орналасуға, тұрақты табыс табуға бағыттаймыз.
Кейінгі жылдары халықтың қаржылық сауаты біртіндеп артып келеді. Бұрын көпшілік несие шартын оқымай қол қоя салса, қазір төлем түрлерін сұрап, өзіне тиімді нұсқаны таңдауға тырысады. Дегенмен заң талаптарын толық білмейтіндер әлі де бар. Мысалы, банкроттық рәсімі барлық қарызды түгел кешіреді деген түсінік дұрыс емес. Оның да заңмен белгіленген талаптары мен шектеулері бар. Жалпы, қаржылық сауаттылық – тек несие алуды білу емес. Ол – ақшаға деген көзқарасты өзгерту. Бұрын қазақ қоғамында адам тұрмысы еңбегімен өлшенсе, бүгінде тұтынушылық мәдениет күшейді. Сондықтан жастарға тек табыс тауып қоймай, ақшаны дұрыс басқаруды, болашағын алдын ала жоспарлауды үйрету маңызды.
Мәселенің шешімі – мәдениет
– Қазір 9 миллионға жуық отандасымыздың мойнында орта есеппен 4 несие бар. Қарыз қақпанынан шығудың жолы қандай?
Нұрболат Туысбайұлы:
– Қаржы мәселесін тек банкпен немесе несиемен байланыстырып қарауға болмайды. Бүгінде ақпараттың өзін сүзгіден өткізе білу өте маңызды дағдыға айналды. Біз халықтан сауатты болуды талап етеміз. Ол дұрыс. Алайда халыққа дұрыс ақпарат беретін тарап та өз жұмысын өзгертуі керек. Ол мемлекет болсын, бұқаралық ақпарат құралдары болсын, сарапшылар болсын – бәрі ақпаратты халықтың тіліне бейімдеп жеткізе алуы қажет. Өкінішке қарай, көптеген ресми ақпарат қарапайым адамға түсініксіз. Кейде заңдағы өзгерістерді, банктердің жаңа талаптарын немесе мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіретін материалдарды оқып шықсаң да, нақты не айтқысы келгенін түсінбей қалатын жағдайлар болады. Ал адамдар ақпараттан бас тартпайды. Керісінше, олар ақпаратқа өте мұқтаж.
Меніңше, алдағы уақытта ең маңызды міндеттердің бірі – дұрыс ақпаратты халықтың тілімен жеткізу. Қаржылық сауаттылықты, құқықтық сауаттылықты, цифрлық қауіпсіздік мәселелерін мүмкіндігінше қарапайым форматта түсіндіру қажет. Адам дұрыс ақпарат алған сайын дұрыс шешім қабылдауға жақындай түседі деп ойлаймын.
Бауыржан Ысқақ:
– Рас. Мәселенің түп-тамыры тұтыну мәдениетінде, табыс құрылымында және қаржылық мінез-құлықта жатыр. Менің ойымша, қарыз қақпанынан шығудың үш негізгі жолы бар. Біріншісі – табыс-ты арттыру. Қарыз мәселесін тек шектеулер арқылы шешу мүмкін емес. Экономикада өнімді жұмыс орындары көбейіп, кәсіпкерлік дамып, еңбек өнімділігі артуы қажет. Халықтың табысы тұрақты өскен кезде ғана қарыз жүктемесі біртіндеп жеңілдейді. Екіншісі – қаржылық сауаттылық. Бұл мәселені мектептен бастап оқыту қажет. Балалар бюджет жүргізуді, пайыздық мөлшерлемелерді түсінуді, жинақ жасауды, инвестицияның негіздерін білуді ерте жастан үйренуі керек. Қаржы мәдениеті мектептен қалыптасуы қажет. Үшіншісі – тұтыну философиясын өзгерту. Бұл ең қиын, бірақ ең маңызды мәселе шығар. Несие табыс әкелетін активке жұмсалса, оның пайдасы бар. Мысалы, кәсіп ашуға, білім алуға немесе болашақ табысты арттыратын құралға бағытталса, ол өзін ақтауы мүмкін.
Дулат Тайгелтірұлы:
– Қаржылық тұрақтылық үлкен табыстан емес, дұрыс қалыптасқан дағдыдан басталады. Сондықтан әрдайым «ең алдымен, өзіңізге төлеңіз» деп кеңес беремін. Яғни жалақы алған күні табыстың кемінде 10 пайызын депозитке немесе жинақ шотына аударып отырған дұрыс. Сонымен қатар әр адамның кемінде үш айлық шығынын жабатындай қаржылық қоры болғаны жөн. Өйткені күтпеген жағдай туындағанда қайтадан несиеге жүгінбеуге дәл осы жинақ көмектеседі.
Қаржылық сауаттылықтың ең қарапайым қағидасы – кіріс пен шығысты есепке алу. Сабақ барысында қатысушылардан отбасылық бюджетін қағазға түсіруді сұраймыз. Сонда көпшілігі ақшасының қайда жұмсалып жатқанын алғаш рет анық көреді. Кейде адамдар ай сайынғы ұсақ шығындарының өзі қомақты қаражатқа айналатынын байқамайды. Сондықтан алдымен шығынды бақылап үйреніп, содан кейін ғана қаражатты көбейтудің жолын ойлаған дұрыс.
Ең бастысы, адам бүгінгі қалауынан бұрын ертеңгі мақсатын ойлауы керек. Қарызға сүйеніп өмір сүретін қоғам емес, жоспарлап, жинақтай алатын қоғам ғана қаржылық тұрғыдан орнықты болады.
Руслан Қайратұлы:
– Мәселен, зерттеу көрсеткендей, алынған несиенің басым бөлігі күнделікті тұрмысқа жұмсалады екен. Респонденттердің 50,6 пайызы несиені жиһаз бен тұрмыстық заттарға, 39,4 пайызы электроникаға, 24,5 пайызы үй жөндеуге, 22,4 пайызы көлік алуға алған. Алайда 12,7 пайызы азық-түлікке, 12,2 пайызы киім-кешекке қарыз алатынын айтқан. Бұл – кейбір отбасылардың қаржылық жағдайы күрделі екенін көрсетеді.
Зерттеу барысында қарызға батқан респонденттердің 61,5 пайызының отбасында құмаройын, ішімдік немесе басқа да тәуелділік түрлері бар екені анықталды. Демек, қаржылық қиындықтың себебі тек табыстың аздығында емес, әлеуметтік мәселелермен де тығыз байланысты.
Меніңше, бүгінгі қоғамдағы басты мәселе – қаржылық мәдениет. Біз әлі де әл-ауқатты қымбат дүниелермен өлшейміз. Әлеуметтік желілер де осы түсінікті күшейтіп, ауқатты адамның бәрі бақытты деген жалған көзқарас қалыптастырып отыр. Ал шын мәнінде адамның тұрмысы өз мүмкіндігіне сай болғанда ғана қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Бұл мәдениет бір күнде өзгермейді. Оған 90-жылдардағы экономикалық күйзелісті көрген буынның тәжірибесі де әсер етті. Сондықтан қаржылық тұрақтылыққа жетуге тек қаржылық сауатты арттыру жеткіліксіз. Ең алдымен, қоғамның ақшаға, тұтынуға және өмір салтына деген көзқарасын өзгерту қажет.
Дайындағандар –
Дәулет ЖАДЫРАСЫН,
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»