Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға бағытталған шаралар қарастырылды, деп хабарлады Ұлттық банк.
Кеңес барысында қарыз алушылардың борыш жүктемесін төмендетуге және бөлшек кредиттеу нарығындағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған бірқатар шара талқыланды.
Олардың қатарында:
халыққа берілетін кредиттер бойынша капиталдың секторлық контрциклдік буферін енгізу,
борыш жүктемесі коэффициентін есептеу кезінде кірісті анықтау әдістемесін жетілдіру,
тұтынушылық кепілсіз банктік қарыздар мен кепілсіз микрокредиттердің ең жоғары сомасын белгілеу мәселелері бар.
Сондай-ақ мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит беруге шектеу қою қарастырылып жатыр.
Ұлттық банктің мәліметінше, осыған дейін қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқыны бәсеңдеген.
Сонымен қатар бөлшек кредиттеу нарығына мониторинг жалғасады. Ұлттық банк автокредит, ипотека және кепілсіз қарыздар бойынша қарыздың кіріске қатынасы коэффициентіне (ҚКК) мониторинг жүргізеді.
"Бөлшек кредиттеу сегментінде тәуекелдер артқан жағдайда, Ұлттық банк қарыздың жекелеген түрлері және жиынтық берешек бойынша К ҚКК-ның сараланған шекті мәндерін белгілеу мәселесін қарауы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Отырыста жеке тұлғалардың проблемалық берешегін қайта құрылымдау, қарыздарды есептен шығару тетіктерін жетілдіру және банкроттық рәсімдерін іске асыру мәселелері де талқыланды.
Қарыздың кіріске қатынасы коэффициенті – адамның ай сайынғы кредит төлемі оның табысының қанша бөлігін алып жатқанын көрсететін көрсеткіш. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл коэффициент азаматтың қарызды төлеу мүмкіндігін бағалауға көмектеседі. Егер болашақта осы өлшем бойынша шекті деңгей белгіленсе, қарызы тым көп азаматтарға банктер жаңа кредит бере алмайды.