Қаржы институтының даму бағыты айқындалды

26.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Отырысты Премьер-министр Олжас Бектенов өткізді. Кеңес отырысын ашқан Үкімет басшысы биыл Еуразия даму банкіне 20 жыл толып отырғанына назар аударып, осы уақытта қаржы институты қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына елеулі үлес қосқанын айтты.

Қазір ЕАДБ құрамына жеті мемлекет кіреді. Былтырғы қорытындыда банктің инвестициялық қоржынында жалпы құны 19,6 млрд долларды құрайтын 326 жоба бар. Серіктестер тартқан қаржыны қоса есептегенде, экономикаға салынған инвестиция көлемі 64 млрд доллардан асты. Жиынға Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген кеңес мүшелері қатысты. ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов банктің былтырғы жұмыс нәтижесін таныстырды.

Оның айтуынша, өткен жылы инвестиция көлемі 2,6 млрд долларға жеткен. Қаржының басым бөлігі энергетика, көлік-логистика мен химия өнеркәсібіндегі жобаларға бағытталған. «Жасыл» жобалар қоржыны бір жыл ішінде 17 пайызға өсіп, 1 млрд долларға жеткен. Техникалық жәрдем қоры мен Цифрлық бастамалар қоры да белсенді жұмыс атқарды. Су ресурстарын үнемдеу, жасанды интеллектіні дамыту, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту секілді жобаларға 40 млн доллар бөлінген.

Банк портфеліндегі ең ірі үлес Қазақстанға тиесілі. Қазір еліміздегі инвестициялық қоржын көлемі 4,2 млрд долларды құрайды. Бұл жалпы портфельдің 65 пайызына тең. ЕАДБ қатысуымен республика аумағында 46 жоба жүзеге асып жатыр.

Жиында қолданыстағы 2022–2026 жылдарға арналған стратегияның жоспарланған мерзімінен бұрын орындалғаны айтылды. Жыл соңына қарай осы бағдарлама аясындағы жинақталған инвестиция көлемі бастапқы жоспардағы 10,9 млрд доллардан асып, 12,2 млрд долларға жетеді деген болжам жасалды. Кейінгі төрт жылда ғана біздің елдің экономикасына 5,2 млрд доллар бағытталған. Бұл көрсеткіш банктің оған дейінгі он бес жыл ішінде елге салған инвестициясымен шамалас.

Кеңес мүшелері бірауыздан 2027–2031 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясын қабылдады. Жаңа құжатта көлік-логистика кешенін дамыту, терең өңдеуге негізделген өнеркәсіпті қаржыландыру, халықаралық капиталды тарту әрі өңірлік маңызы бар инвестициялық жобаларды қолдау негізгі басымдық ретінде белгіленген.

Банк басшылығының пайымда­уынша, жаңа стратегия экономикалық ықпалдастықты күшейтіп, инвести­ция­лық белсенділікті арттыруға әрі қа­тысу­шы мемлекеттердің орнықты өсіміне серпін береді. Отырыс соңында бірқатар ұйымдастырушылық шешім қабылданды.

Кеңес мүшелерінің ұсынысымен Премьер-министр Олжас Бектенов қайтадан Еуразия даму банкі кеңесінің төрағасы болып сайланды. Кеңес төрағасының орынбасары қызметі Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиевке қайта сеніп тапсырылды. 2026 қаржы жылына сыртқы аудитор ретінде «KPMG» компаниясы бекітілді.

Алматыда осы күні Еуразия даму банкінің 20 жылдығына арналған «Еуразия–2030+: инвестициялар, өсім және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық бизнес-форум өтті.

Форум қатысушыларына жолдан­ған алғысөзінде Олжас Бектенов Еура­зия кеңістігінің жаңа экономика­лық мүмкіндіктері сауда ауқымын кеңей­туге, заманауи технологияларды енгізуге әрі жаңа өсім нүктелерін қалыптастыруға жол ашып отырғанын жеткізді. Осы үдерісте Еуразия даму банкі өңірлік ықпалдастықты нығайтып, ірі инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыратын маңызды қаржы институтына айналғанына назар аударылды.

Алғысөзде алдағы кезеңде Еура­зия­ның орнықты дамуы адам капи­талының сапасына, инновацияға және экономикалардың өзара байланысына тікелей тәуелді болатыны айтылды.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалар заң үстемдігін күшейтуге, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге берік негіз қалыптастырғаны көрсетілді. Ашық инвестициялық саясат, меншік құқығын қорғау, әділ бәсеке қағидаттары мен тұрақты құқықтық орта ұзақмерзімді жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып отырғаны ерекше аталды.

Еуразия даму банкі кеңесінің бұл жолғы отырысы өңірлік қаржы институтының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетті. Қабылданған стратегия алдағы бес жылда инвес­ти­циялық белсенділікті күшейтіп, көлік дәліздері мен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жаңа серпін бермек. Қазақстан үшін бұл жаңа капитал тартуға ғана емес, экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ететін ірі жобаларды жүзеге асыруға да қосымша мүмкіндік ашады.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью