Қаржы нарығын дамыту агенттігі сақтандыру шарттарын жасағанда сақ болуға шақырды

16.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерде сайттар мен парақшалар Қазақстан Республикасының лицензияланған сақтандыру ұйымдарының атауларын пайдаланып, сақтандыру полистерін, оның ішінде көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды онлайн-рәсімдеуді ұсынады. Сонымен қатар полистерді белгіленген тарифтерден жоғары бағамен сату жағдайлары да анықталып жатыр.

- Мұндай қызметтерді ұсынатын жеке тұлғаларда агенттіктің сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ екені және сақтандыру агенттері ретінде тіркелмегені анықталды. «Сақтандыру қызметі туралы» Заңның 18-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес, міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттерінің делдалдық қызметін жүзеге асыруға жол берілмейді. Мұндай полистерді лицензиясы бар сақтандыру компаниясы арқылы ғана рәсімдеуге болады, - деді ведомстводан.

Осыған байланысты агенттік азаматтарды интернет арқылы сақтандыру шарттарын жасасу кезінде аса мұқият болуға шақырып, мынадай кеңес береді:

- сақтандыру ұйымында сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясының болуын тексеру керек, лицензиясы бар сақтандыру компанияларының тізімімен агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады;

- жарнамадағы ұсыныстарға сынмен қарап, сақтандыру полистерін сақтандыру ұйымдарының ресми сайттарында ғана рәсімдеген жөн;

- міндетті сақтандыру шарттары бойынша делдалдық қызметтерге ақы төлемеу, сондай-ақ ақша қаражатын үшінші тұлғалардың белгісіз банктік шоттарына, телефон нөмірлеріне және өзге де деректемелеріне аудармау керек;

- жеке куәлікті, жүргізуші куәлігін, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті (техникалық паспортты) және басқа да дербес деректерді қоса алғанда, жеке құжаттардың көшірмелерін немесе фотосуреттерін үшінші тұлғаларға бермеу қажет.

- Тексерілмеген интернет-ресурстар арқылы сақтандыру шартын жасау жарамсыз сақтандыру полисін сатып алуға және соның салдарынан сақтандыру қорғауының болмауына әкелуі мүмкін екенін еске саламыз. Сақтандыру қызметтерін ұсынатын күдікті интернет-ресурстар анықталған жағдайда азаматтарға бұл туралы агенттікке хабарлауға немесе тұрғылықты жері бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес беріледі,- деді агенттіктен.

Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандықтар 2,7 млрд теңгеден астам сақтандыру төлемдерін алған.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью