Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Зерттеуге 38 елден 19 277 адам қатысқан. Оның ішінде 20–45 жас аралығындағы 11 314 респондент қамтылған. Германияда мыңнан астам адам, ал АҚШ-та шамамен 90 мыңға жуық адам сауалнамаға қатысқан. Қатысушылардан соңғы жылдары туған балалар, қазіргі жүктілік және болашақта бала сүю жоспары туралы сұралған.
Зерттеу қорытындысы бойынша, екі серіктес те үйден жұмыс істейтін отбасыларда әр үшінші әйел бір балаға артық босанған. Бұл тек кеңседе жұмыс істейтін жұптармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Ғалымдардың пікірінше, қашықтан жұмыс істеу жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтауды жеңілдетеді.
Зерттеу авторларының бірі, экономист Маттиас Доллстың айтуынша, нәтижелер қашықтан жұмыс істеуге кеңірек мүмкіндік берілген сайын бала саны артатынын көрсетеді.
– Бұл жұмыс пен отбасын қатар алып жүруге кететін уақыт пен ұйымдастыру шығындарының азаюымен байланысты болуы мүмкін, – деді ол.
Зерттеуге Мюнхендегі экономикалық зерттеулер институты, сондай-ақ Стэнфорд, Принстон, Лондондағы King’s College және Мексика технологиялық институтының ғалымдары қатысқан.
Сонымен бірге зерттеушілер қашықтан жұмыс істеу бала санын тікелей арттырды деп нақты айту қиын екенін де атап өткен. Себебі отбасы жоспарлаған адамдардың өзі икемді жұмыс түрін әдейі таңдауы мүмкін.
Маттиас Доллстың пікірінше, қашықтан жұмыс істеу демографиялық өсімді толық шешпесе де, маңызды факторлардың бірі болуы ықтимал.
– Қашықтан жұмыс істеудің арқасында пайда болған икемділік адамдарға қалаған отбасы моделін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл туу көрсеткішінің төмендеуін толық тоқтатпайды, бірақ оны баяулатуы мүмкін, – деді ол.
Айта кетейік, Грекияда демографиялық дағдарысқа байланысты 721 мектеп жабылады.