Қасым Жомарт Тоқаев: Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам жүргізілуге тиіс

02.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Мемлекет басшысы «арнаулы құқықтық режим бар, енді міндетті түрде табысқа жетеміз» деп ойлау қателік болатынын айтты.

«Өйткені дәл осындай режим енгізілген экономикалық аймақтардың талай рет іс жүзінде нақты нәтиже бермегені белгілі. Сапалы институттар, ашық әрі тұрақты ережелер, дербес реттеу тетіктері болған жоқ. Соның салдарынан көптеген жоба ойдағыдай жүзеге асырылмай қалды. Бұдан тиісті сабақ алып, дұрыс қорытынды шығару қажет. Арнаулы режим тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі қажет.
Қаланың іскерлік белсенділігіне және күнделікті тіршілігіне қатысты мәселелерді реттейтін ашық, айқын әрі сапалы құқықтық негіз болуға тиіс. Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құқықтық реттеу деңгейі, яғни, экономикалық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады», деді Президент.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілу керек екенін айтты.

«Түптеп келгенде, мұндай жұмыс жүйесі құқықтық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді және орынсыз заңнамалық өзгерістерден қорғап, жедел және тез шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Алатау жобасына қатысты реттеу актілерін әзірлеу барысында міндетті түрде осындай құқықтық жүйелерді құру ісінде мол тәжірибесі бар білікті шетелдік сарапшыларды тарту қажет. Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілерінің барлығын бір жылдың ішінде қабылдауды жоспарлап отыр. Қаланы дамыту жөніндегі кеңес бұл істі мейлінше тез қолға алуы керек. Жұмысты соза беруге болмайды. Әйтпесе, инвестициядан құр қаламыз. Бизнес өкілдері де бізге сеніп отыр, сондықтан, бұл жұмысқа нұқсан келтіруге болмайды. Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды. Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет», деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью