Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының, Кувейт, Қатар мен Бахрейннің басшыларына үндеу жолдап, аталған елдердің халқына осынау қиын және ауыр сынақ кезінде шынайы қолдау білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға достық әрі бауырластық қатынастағы елдердің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін барлық әскери әрекетті айыптады.
— Біздің ел әрдайым барлық халықаралық күрделі мәселе мен қарулы қақтығыстарды тек дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды, — делінген Президент үндеуінде.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстан бауырлас араб елдеріне кез келген көмекті көрсетуге дайын екенін айтып, олардың жоғарғы басшыларымен тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға үміт білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Израиль Иранға соққы жасаған. Кейін Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери операцияның басталғанын жариялаған.
Иран Израильдің солтүстік және орталық аймақтарына зымырандар атқан.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының Қызыл Жарты Айға сілтеме жасауынша, Иранда 201 адам қаза тауып, 747 адам жараланған.