Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, сөз сөйледі. Айтулы жиын Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, осы тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтты.
– Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз батыл әрі прагматикалық әрекеттер шешуші рөл атқаратын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Шын мәнінде, бұл – сөз күйінде қалатын қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы ұзақмерзімді бейбітшілік орнатуға үлес қосатын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздейтін айқын мұратыңыз бен көреген қадамдарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесін көпжақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман талабына сай ұйым деп санайды.
– Әлемде мұндай бастама көтерілген жоқ. Расында, бұл – бұрын-соңды болмаған бетбұрыс. Өйткені бірге күш-жігер жұмылдырудың арқасында «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты жаңашыл тұжырымдаманы немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент мырза, Сіздің нақты іс-әрекет қана бейбітшілікке берік негіз қалайды деген ұстанымыңызды толық құптаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміз Газа секторындағы ахуалды тұрақтандырып, аймақты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді.
– Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет.
– Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді, – деді Президент.
Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқылы бұл бастамаға нақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
– Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Дональд Трамп өз сөзінде Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіруге атсалысқаны үшін Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді.
АҚШ Президенті Кеңеске қатысушы елдердің басшыларын таныстыру барысында Қазақстанды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады.
Дональд Трамп Саммитке келген мемлекеттер басшыларын шешімтал әрекеттері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогті дамытуға елеулі үлес қосқан нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деп атады.
Жоғары деңгейдегі іс-шара барысында Бейбітшілік кеңесінің атқарушы органдарының мүшелері баяндама жасады. Жиынға қатысушыларға Газа секторын қалпына келтіру, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру жоспары таныстырылды.
Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер Газаны дамытуға арналған бас жоспар туралы мәлімет беріп, аймақ тұрмыс-тіршілікке және экономикалық өрлеуге қолайлы жағдай жасайтын заманауи кеңістікке айналуға тиіс екенін атап өтті.
Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга Бейбітшілік кеңесінің қаржы механизмдері ашықтыққа және қаржыны нақты мақсаттарға бөлу қағидаттарына негізделетінін жеткізді.
Ал Халықаралық тұрақтандыру күштерінің жетекшісі, генерал Джаспер Джефферс Газадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтты.
Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің басшысы Али Шаат қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру және халықаралық серіктестермен ықпалдастық тәсілдерін ұсынды.
Сонымен қатар жиында АҚШ Вице-президенті Джей Вэнс, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Индонезия Президенті Прабово Субианто, Румыния Президенті Никушор Дан, Албания Премьер-министрі Эди Рама, Мысыр Премьер-министрі Мұстафа Мадбули және басқа да тұлғалар сөз сөйледі.
Соңғы жаңалықтар
Саясат • Бүгін, 08:48
Төрт жасында 6-сыныптың есебін шығарады
Аймақтар • Бүгін, 08:45
Құқықтық мәдениетті нығайтатын қадам
Қоғам • Бүгін, 08:43
Тіл тазалығы – ғасырға ұласқан мәселе
Тарих • Бүгін, 08:40
Қоғам • Бүгін, 08:38
Басылым • Бүгін, 08:35
Бұқтырылған киік еті саудаға шықты
Өндіріс • Бүгін, 08:32
Таным • Бүгін, 08:30
Еңбек нарығы: маман көп, жұмысшы тапшы
Еңбек • Бүгін, 08:28
Бексұлтан Нұржеке, Қазақстанның Халық жазушысы: Келешекке деген үміт шырағы ешқашан да сөнбеуге тиіс
Сұхбат • Бүгін, 08:25
Ақтауда урологиялық операция жасалады
Медицина • Бүгін, 08:23
Отаншылдық ұғымын қалай түсінесің?
Жастар • Бүгін, 08:20
Қауіпті дертті сәулемен емдейді
Аймақтар • Бүгін, 08:17
Жастар • Бүгін, 08:15
Коалиция мүшелері Алматы облысы жұртшылығымен жүздесті
Реформа • Бүгін, 08:12