Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Президенттің сөзінше, еліміздің географиялық орналасуы халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді.
– Біз Қазақстанды Азия мен Еуропаны жалғайтын аймақтағы жетекші логистика торабына айналдыруды көздейміз. Еліміздің аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл Қазақстанның құрлықаралық тасымал тізбегіндегі ықпалы зор екенін көрсетеді. Қытай мен Еуропа арасындағы темір жолмен тасымалданатын жүк көлемінің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағымен өтеді. Мұның өзі әлемдік сауда мен өзара көлік байланысында негізгі рөл атқаратынымызды растайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осы артықшылықты нығайту мақсатында мемлекет көлік инфрақұрылымын дамытуға ауқымды инвестиция салып келеді.
"Осы позицияны одан әрі орнықтыра түсу үшін көлік инфрақұрылымына, мыңдаған шақырым жаңа теміржол салуға, сондай-ақ Орта дәліз ретінде кеңінен танымал Транскаспий халықаралық көлік бағытын ары қарай дамытуға қомақты инвестиция құйып жатырмыз. Соңғы он бес жылда Қазақстан көлік-логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Біз заманауи логистика сапалы инфрақұрылымды ғана емес, озық цифрлық шешімдерді де талап ететінін жақсы түсінеміз. Сол себепті бүкіл экожүйені цифрландыру шараларын қолға алдық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласын цифрландыру бағытында қолға алынған жобаларға да тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылдың соңынан бері кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді біріктіретін Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
"Платформа негізгі рәсімдердің бәрін бірыңғай цифрлық ортаға жинақтап, әкімшілік кедергілер мен транзит уақытын айтарлықтай қысқартады. Алғашқы кезеңнің өзінде Қытай – Өзбекстан бағыты бойынша транзиттік операциялар толық цифрландырылды, ал мемлекеттік шекарадан өту үдерістері электронды форматқа ауыстырылды. Бұл халықаралық жүк тасымалын жылдамдатып, ашықтықты қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде Еуразия кеңістігінде жұмыс істейтін халықаралық бизнес өкілдері үшін Қазақстан аумағымен жүк тасымалдау анағұрлым тиімді, үнемді әрі сенімді бола түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, көлік дәліздерін дамыту, жаңа теміржол желілерін салу және логистикалық үдерістерді толық цифрландыру Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін күшейтіп, елдің өңірлік логистика хабы ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.