Қауіпсіздікке қатысты қайшылық көп

05.11.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Бірі қаланың орталық алаңындағы жасөспірімнің өлімі болса, екіншісі – жол-көлік оқиғасы салдарынан болған бес айлық сәбидің қазасы. Бұл жағдай өңірдегі қауіп­сіздік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарып отыр. 

21 қазанда Қызылорданың орталық алаңында болған жанжал көптің жағасын ұс­татты. Бұл күні екі тарап арасындағы ке­­­­ліс­пеушіліктің соңы 14 жастағы жасөс­пі­рім­нің ауыр қазасымен аяқталды.  Осы орай­да «орталық алаңда бейкүнә бал­ғын­ды бақилыққа аттандыратындай не жағ­дай болды?» деген сұрақ туындауы заң­ды­лық.  

Мәселенің мәніне үңілсек, Қызылорда қа­­­­ла­сындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрис­лам Раушанбек сабақтан тыс уа­қыт­та анасына көмектесіп, орталық алаң­да ойын­шық көліктерді жалға беріп, от­басына қолғабыс етіп жүреді. Марқұмның анасының айтуынша, сол күні ойыншық кө­ліктерді жалға беретін екі кәсіп­кер­дің қо­лында жұмыс істейтін балалар су бұр­қа­ғының маңында клиентке таласып, жан­жалдасып қалады. Жанжал кезінде қар­сы тараптың бір баласы Нұрис­лам­ның жа­ғасынан алады. Оған анасы араша бол­ған.  

Арада бір сағаттай уақыт өткенде ор­та­лық алаң­дағы ойыншық көліктердің маңында анасы ұлын іздеп, дауыстап ша­қырған. Сол сәтте қараңғыдан теңселіп тұр­­ған біреудің сұлбасын байқайды. Ар­тынша бала шалқасынан құлайды. Кейін­нен қарсы тараптың 13 жасар ұлы Нұрис­лам­ның жүрек тұсынан бұрағышпен соқ­­­­қы жасағаны белгілі болады. Дереу же­дел жәрдем шақырып, ауруханаға жет­кізіл­генімен, жасөспірімді аман алып қалу мүм­кін болмапты.  

Анасының айтуынша, оқиға орнында ойыншық көліктерді жалға беруші кәсіп­кер де болған. Бірақ ешбірі жедел жәрдем­ді шақыруға асықпай, уақытты өт­кізіп ал­ғанға ұқсайды. Ең қиыны, жанжал 1000 тең­­геге таластан туындаса керек. Мұның соңы тұтас от­басының қайғысына ай­нал­ды. Осы оқиғадан кейін 14 жастағы жа­сөс­­­пірімнің өліміне кінәлі 13 жастағы ба­ла қамауға алынып,  қылмыстық іс қоз­ғалғаны жө­нінде ақпарат тарады. Алай­­да марқұмның туыс­тары мен көп­шіліктің көкейінде күмәнді сұрақтар сейіл­­мей тұр. Соған орай Қызылорда об­лыс­тық По­ли­ция де­пар­таментінен мәсе­ле­нің мән-жайын сұрап көрдік. 

– Кәмелетке толмаған баланың абай­сыз­­да өлімі­не әкеп соққан қасақана ауыр де­не жарақатын келтіру дерегі бойынша қыл­мыстық іс қозғалды. Күдікті облыстық Кә­­мелетке толмағандарды бейімдеу ор­та­лығына орналастырылды. Сондай-ақ тер­геу аясында кәмелетке толмаған адам­ды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орын­дамау дерегі бойынша қылмыстық іс тір­келді. Қылмыстық істі тергеу барысы По­лиция де­партаменті басшылығының ерек­ше бақылауына алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-ба­бы­на сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды, – деп қыс­қа қайырды Қызылорда облыстық Поли­ция департа­мен­тінің өкілдері.

Дегенмен бұл өңірдегі балаға қатысты жал­­ғыз қайғылы оқиға емес. Одан сәл ер­те­рек, 13 қазанда қала көшелерінің бі­рін­де ана­сы мен бес айлық сәбиін көлік қа­ғып кет­­кені туралы хабар тараған еді. Мә­лі­мет­ке сәйкес, Mitsubishi Lancer авто­кө­лі­гі­нің жүргізушісі алаңсыз келе жатқан бес ай­лық баласы бар ананы қағып, оқиға ор­нынан кетіп қалған. Салдарынан сәби көз жұмып, 26 жастағы анасы ауыр жа­ра­қат алды. Қайғылы оқиғаның салдары мұ­­ны­мен шектелген жоқ. Анасы жедел жәр­­деммен ауруханаға жеткізіліп, жан­сақ­тау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Кей­бір мәліметтерге сәйкес, оның басы­нан ауыр жарақат алғаны, бірнеше қабыр­ғ­асы мен жамбас сүйегі сынғаны айты­ла­ды.

Ал қылмыс орнынан ізін суытқан жүр­гізу­шінің 2000 жылы туған Алексей Вели­ков екені анықталып, күдіктіге қатысты соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданғанымен, әлі күнге дейін іздеп таба алмай жатыр. Тіпті күдік­тінің тұрған жері туралы мәлімет берген адамға қомақты ақшалай сыйақы та­ғайындалғаны мәлім. Алайда ізін жа­сы­рып үлгерген көлік жүргізушісіне қатысты дерек болар емес. Бес айлық сәбидің өлі­­міне әкелген жол апаты қоғамда көп­теген сұрақ туғызды. Әсіресе оқиға ор­ны­нан кетіп қалған жүргізушінің іздестірілуі тұр­ғындардың күмәнді ойларға жетелеп тұр. 

– Жол-көлік оқиғасына қатысы бар кү­діктіге іздеу жарияланды. Тергеу со­ты­мен күдіктіні қамауға алу санкцияланды. Кү­діктінің жүрген жерін анықтау мақ­са­тын­да Полиция департаментінің жеке құра­мына бағдар берілді, барлық күштер мен құралдар ж­ұ­мыл­дырылды. Тергеу ба­рысы ерекше бақылауда, – деп түін­дірді бұл жайында Қызылорда ПД баспасөз қыз­меті. 

Қызылордада соңғы апталарда қос ба­ла­ның қаза­сына себеп болған бұл екі қай­ғылы оқиға қоғамның қабыр­ғасын қайыс­тырып кетті. Халық қылмысты тер­­геу жұмыстарының әділ жүргізілуін және кінә­лі­лер лайықты жазалануын талап етіп отыр. 

Әсіресе орталық алаңда болған соңғы қа­ралы ха­бар­ға байланысты тұрғылықты ха­лықты толғандырған сауал көп. Бұған дейін орталық алаңды сауда орнына ай­­нал­­дырып, ойыншық көліктерді жалға бе­ріп жүр­ген кәсіпкерлердің әрекетіне жер­гілікті жұртшылық қарсылықтарын біл­дірген болатын.  Сол уақытта қала әкім­дігі тарапынан кәсіпкерлердің басқа ау­маққа көшірілетіні жайлы уәждер де ай­тылған еді. Бірақ уәде құрғақ сөз күйін­де қа­лып, нақты нәтиже  көрсетпеді. Ақы­­ры, мұ­ның соңы қайғылы жағдайға әкеп соқ­тыр­ды. 

Бірнеше жыл бойына орталық алаңды ойын алаңына айналдырғандардың әре­кетіне неге тосқауыл қойылмағаны бей­мә­­лім. Сонда «қаланың басты орталық алаңы кімнің меншігі?» деген сауал көпті әлі мазалайды. 

Екіншіден, бұл оқиға қоғамдық орын­дар­да, көшеде балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жұмыстары кемшін еке­нін айқындап бергендей болды. «Қылмыс пен жол апатынан кейін жауапты органдар қандай шара қабылдап жатыр? Келешекте осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін не істелуі керек?» деген жауапсыз сұ­рақтар қара халықты әлі де мазалап жүр.

Қазір қоғам үшін алғашқы оқиға бойын­ша іздес­тіру жұмыстарының нәти­же­сі маңызды. Күдікті ұстал­ды ма? Атал­ған іс бойынша қандай жаңа дерек­тер анық­­­­талды? Зардап шеккен ананың қазір­гі жағ­дайы қалай? Бүгінде жергілікті жұрт­шылық осы сауал­дарға жауап күтеді. 

Әйтеуір, қайғылы оқиғалардың шығу се­бебі мен салдары аймақ басшыcының на­зарына ілікті. Жуырда бұл мәселе облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төраға­лы­ғы­­мен өткен аймақтағы қоғамдық-саяси ах­уал, қауіпсіздік мәселелері талқынған мә­­жілісте қозғалды. Бірқатар лауазымды тұл­ғаға қатаң сөгіс пен ескерту жасал­ды.  

Алдағы уақытта қала көшелері мен қо­ғамдық орын­дарда тұрғындардың, әсі­ресе балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылса деген көптің ті­легі бар. Яғни мұндай жағдайлардан кейін тек кінәліні іздеумен шектелмей, ал­дын алу мәселе­сі­не де баса назар аудару қа­жеттігі өздігінен сұранып тұр. Бір сөз­бен айтқанда, бала қауіпсіздігі тек қай­ғы­лы жағдайдан кейін ескерілетін мәселе бол­мауы ке­рек. Ең бастысы, халық кінә­лі­лердің әділ жаза­лануын тілеп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью