Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақ тілі ғылымын дамытуға саналы ғұмырын арнаған профессор Жәкен Молдажаровтың артында мол мұра қалды. Ғалым басшылық қызметте жүрсе де, ғылыми зерттеу ісіне белсене қатысып, қазақ тілінде оқулықтар жазуға ден қойды. 1983–1992 жылдары қазіргі Қазақ ұлттық қыздар университетінің шетел тілдері кафедрасына басшылық етіп, 1992 жылдан өмірінің соңына дейін «Қайнар» университетінің бірінші проректоры болды. Сондай-ақ Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ағылшын факультетінің деканы, оқу орнының проректоры болып қызмет етті. Сол жылдары жоғары оқу орнында қазақ бөлімін ашуға бастамашы болып, қазақ бөлімі студенттерін оқулықтармен, көптеген әдістемелік құралмен қамтамасыз етуге басшылық етті. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің партия ұйымы хатшысы әрі шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі болды.
Профессор Ж.Молдажаров жаңа қызметке тағайындала салысымен кафедраның ғылыми-педагогикалық құрамы сапасын арттыруға баса назар аударды. Оқытушыларды мақсатты түрде аспирантураға жіберіп, 3–5 жыл ішінде кафедраны ғылым кандидаттарымен толықтырды. Лингвистикалық терминдердің қалыптасуы мен дамуына арналған монографиялық еңбектер мен мектепке арналған ағылшын тілі оқулықтары авторларының бірі ретінде кафедра мүшелеріне оқу, оқу-әдістемелік құралдар, қазақша-орысша-ағылшынша көптілді сөздіктер жазуға басшылық етті. Ғалым «Қазақ лингвистикалық терминологиясының қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Стилистиканы зерттеумен айналысты. Ол – 80-нен аса ғылыми еңбектің авторы. 1964 жылы алғаш рет ағылшын тілі мұғалімдеріне арнап оқу құралын жазды.
Алқалы жиынның ашылуында Қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова: «Оқу орнының шетел тілдері кафедрасын ұзақ жыл басқарып, оның ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосқан көрнекті ғалым Жәкен Молдажаровтың 95 жылдығына арналған жиын бәсекеге қабілетті педагогтер даярлаудың жаңа бағытын айқындап, тың бастамаларға жол ашады. Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттік тілді сапалы меңгертумен қатар, әлем тілдерін кәсіби деңгейде оқыту – заман талабы», деп атап өтті.
Шетел тілдерін оқытудың өзекті мәселелерін сөз еткен академик Кәрімбек Құрманәлиевтің пікірінше, көп тіл меңгерген тұлға қалыптастыру, шет тілін оқытуды жаңа деңгейге жеткізу мәселесі егемен еліміздің білім жүйесінің маңызды міндетіне айналып отыр.
«Профессор Жәкен Молдажаровтың Алматы педагогикалық шет тілдері институтында қазақ бөлімін ашып, студенттерге ағылшын, неміс, француз тілдерінде оқулықтар жазуға, оқу құралдарын дайындауға үлкен үлес қосқан ғалымның отандық тіл білімін дамытудағы орны айрықша. Көптілді меңгерген мамандар даярлау ісінде, тұлға қалыптастыру үдерісінде тілдік құзыреттілікті арттырып қана қоймай, іскерлік қарым-қатынас тілін дамытып, қоғамның лингвистикалық, интеллектуалдық әлеуетін арттыруға зор үлес қосқанын ұмытпауымыз керек. Қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгерген жастарымыз күн санап артып келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Бірақ бірнеше шетел тілін меңгеріп, өкінішке қарай, ана тілімізде сөйлей алмайтын немесе сөйлемейтін жастар қатарының да көп екені қынжылтады. Осы тұста, халқымыздың біртуар азаматы Халел Досмұхамедовтің «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деген қағидатын әр кез қаперде ұстағанымыз жөн», деді академик өз сөзінде.
Жиын барысында академик Зейнеп Базарбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Таңат Аяпова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаңалық Балтабаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, PhD Алтыншаш Құрманәлі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Сәтбекова, тағы да басқа ғалымдар баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын соңында профессор Ж.Молдажаровтың қызы Динара Жәкенқызына университет тарапынан сый-құрмет көрсетілді.
АЛМАТЫ