Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Aikyn.kz Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, еліміздегі тұрғын үй құрылысының жетістіктерін, нарықтағы өзгерістерді және баспана қолжетімділігін арттыру мүмкіндіктерін талдайды.
2019 жылдан бері елімізде 118 млн шаршы метр, тек 2025 жылы ғана 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халық саны 20,5 млн адам екенін ескерсек, бұл әр тұрғынға жылына бір шаршы метрге жуық жаңа баспана салынғанын білдіреді. Бұндай көрсеткіш құрылыс индустриясының өндірістік әлеуеті артқанын, елде тұрғын үй қорын жаңартуға және кеңейтуге қажетті мүмкіндіктер бар екенін дәлелдеп тұр.
Былтыр 185,8 мың жаңа пәтер пайдалануға берілді. Ал тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 448 571 мәміле тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер тұрғын үй нарығының ауқымы кеңейгенін аңғартады.
Бірақ 2026 жылғы деректер нарықта белгілі бір өзгерістер бар екенін көрсетіп отыр. Қыркүйек айында елімізде 35 406 тұрғын үй мәмілесі жасалды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға аз. Ал алғашқы тоғыз айдың қорытындысында мәмілелер саны 5,6%-ға төмендеген. Астанада қыркүйек айындағы жылдық төмендеу 29,2%-ды құрады.Бұндай өзгерістерді тұрғын үйге сұраныстың жоғалуымен тікелей байланыстыруға болмайды. Нарықтағы белсенділікке баспана бағасы, ипотекалық несиенің шарттары, халықтың табысы және сатып алушылардың қаржылық мүмкіндіктері қатар әсер етеді. Сондықтан құрылыс көлемін ұлғайтумен қатар халықтың тұрғын үй сатып алу әлеуетін өсіру де маңызды.
Бұл бағытта Үкімет тұрғын үй саясатын жүйелі дамытып келеді. Халықтың баспана алуына ипотекалық бағдарламалар елеулі ықпал етіп отыр. Қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, 2025 жылы банктер 2,4 трлн теңгеге жаңа ипотекалық несие берген. Оның 74%-ы «Отбасы банк» бағдарламалары мен «7-20-25» жүйесіне тиесілі.
Бұл мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының азаматтар үшін қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Мыңдаған отбасы осы тетіктер арқылы баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Нарықтық ипотеканың үлесін біртіндеп арттыру, банктер арасындағы бәсекені күшейту және тұрғын үйге арналған қаржы құралдарын әртараптандыру саланың тұрақты дамуына қосымша серпін бере алады.
Баспанаға қолжетімділік жалпы экономикалық өсіммен де байланысты. Соңғы 7 жылда республиканың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 28,9%-ға ұлғайды.
Алдағы уақытта экономикалық дамудың нәтижесін халықтың сатып алу қабілетін арттыруға бағыттау ерекше мәнге ие болмақшы. Нақты жалақының өсуі, инфляцияның бәсеңдеуі тұрғын үй нарығындағы сұранысты нығайтудың негізгі алғышарттары болмақ.Қазақ елі жылына 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салуға қабілетті екенін көрсетті. Бұл – құрылыс индустриясының ғана емес, ел экономикасының да маңызды жетістігі. Ендігі кезеңде осы жетістіктерді халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағыттау қажет.
Осы орайда Мәскеудің бұрынғы вице-мэрі Владимир Ресиннің «ақша болса, ақымақ та салады, ал сен ақшасыз салып көрші» деген сөздері құрылыстың экономикалық тиімділігін мемлекеттік қаржыдан бөліп қарау керектігін дәл сипаттайды.
Біздің елімізде қаржы бар, құрылыс салатын жер бар. Құрылыс материалдарының басым бөлігі өзімізде шығарылады, құрылыс компаниялары да жеткілікті. Ендігі мәселе – Үкіметтің осы ресурстар мен қаржылық-экономикалық тетіктерді дұрыс пайдаланып, Қазақ елінде баспанасыз отбасын болдырмау міндеті ғана. Экономиканың өсу қарқыны мен халық табысының өсімі қатар жүрген жағдайда бүгінгі рекордтар ертеңгі әлеуметтік игілікке айналары сөзсіз.