Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 19 тамыз – Sputnik. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Эдуард Мәлбеков дүниеден өтті.
Марқұмның қазасы туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
"Эдуард Жабашұлының жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен ұлттық мәдениетке сіңірген елеулі еңбегі туған-туыстарының, әріптестері мен шәкірттерінің, барша өнерсүйер қауымның жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!", - деп әртістің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты министрлікте.
Эдуард Жабашұлы саналы ғұмырын өнерге арнаған көрнекті балет әртісі, хореограф, педагог әрі тәлімгер болды. Оның есімі отандық балет өнерінің қалыптасуы мен даму тарихында айрықша орын алады.
Министрлік мәліметінше, өнер жолында ол "Спартак", "Бақшасарай бұрқағы", "Жизель", "Аққу көлі", "Дон Кихот", "Махаббат туралы аңыз", "Кармен-сюита" секілді классикалық және ұлттық қойылымдарда басты партияларды орындап, қазақ балет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Эдуард Жабашұлы хореографиялық білім беру саласының дамуына да сүбелі үлес қосты. Ұстаздық жолында бірнеше буын өнерпазды тәрбиелеп, үлкен шығармашылық мектеп қалыптастырды. Оның көптеген шәкірті бүгінде Қазақстанда және шетелде отандық балет өнерін лайықты танытып жүр.