Қазақ жастары Кореяда тағылымдамадан өтті

30.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Қызылорда университетінің 10 үздік студенті Оңтүстік Кореяда бір айлық тағылымдамадан өтті. Қазақстандық жастарға жасанды интеллект саласының жетекші мамандары өз тәжірибелерін көрсетіп, білгендерін үйретті. Оқу Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің базасында жүргізілді. 

Сеулге Қызылордадан Қорқыт ата атындағы университеттің Жасанды интеллект институтының 2-курс үздіктері келді. Барлығы да былтыр жазда жоғары оқу орнында өткен байқаудың жеңімпаздары. 102 үміткердің ішінен 10 студент іріктеліп алынды. Олар Кореяның мемлекеттік бағдарламасы бойынша Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетіне тегін тағылымдамаға шақырту алды. Мұнда дәрісті оқытушылар емес, жасанды интеллектіні өндірісте қолданып жүрген компаниялардың нақты мамандары жүргізді.

Пак Джун Сон, IТ компанияның бөлім басшысы:

- Мен Python бағдарламалау тілі бойынша базалық курс өткізіп жатырмын. Түрлі практикалық тапсырмалар арқылы студенттерге бағдарламалау мен жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен меңгеруге көмектесемін. Бұл оларға алған дағдыларын түрлі салаларда қолдануға мүмкіндік береді.

Тағылымдамаға қатысушылардың барлығы – оқу озаттары, тіпті олардың жеке стартаптары да бар.

Толғанай Жақсыбай – әйел адамның бет-әлпетін сканерлеп, жеке косметикалық күтімді таңдап беретін бағдарлама авторларының бірі. Ал Нұрбол Оңалбеков – киберқауіпсіздік маманы.

Толғанай Жақсыбай, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті:

- Жасанды интеллект – деректер базасы, яғни деректер базасымен жұмыс істеу. Ол үшін бізге тілдерді жақсы үйрену керек. Егер тілдерді білмесек, оны іске асыра алмаймыз. 

Нұрбол Оңалбеков, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті:

- Корея қазір жасанды интеллект саласында өте қарқынды дамып келеді, болашақта біз де сондай деңгейге жетеміз деп сенемін. Мысалы, жақын арада біз алаяқтарға қарсы «Fijuar» атты бір жоба жасадық. Қазақстанға енді бір жаңадан алаяқтардың алдын алатын сондай жоба деп санаймын. Алдағы уақытта соны қосу процесін енді жасап, құрастырып жатырмыз.

Тағылымдама Қызылорда және Сеул университеттері арасындағы  ынтымақтастық арқасында жүзеге асуда. Корея үкіметі Жасанды интеллект институтының дамуына қолдау көрсетіп келеді. Оның студенттері 1-курстан бастап корей тілін оқиды. Бұл пәннен өткен жылдың тамыз айынан бастап Ким Вон Хон сабақ береді.

Ким Вон Хон, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы:

- Қазақ және корей тілдеріндегі сөздердің орын тәртібі ұқсас, бұл студенттерге көп көмектеседі. Мен өзім де күнделікті қазақ тілін үйреніп жүрмін. Қызылордалықтар корейлерге өте жылы қарайды. Кейбіреулері менімен корей тілінде амандасады. Мұнда үйлер бір-бірінен алыс орналасқан, бұл еркіндік пен тыныштық сезімін береді. Кореяда бәрін өте жылдам жасау керек, ал Қазақстанда мен жан тыныштығын сезінемін.

Сеул және Қызылорда жоғары оқу орындары 2024 жылы қос диплом бағдарламасын іске қосты. Ол бойынша қазірдің өзінде 40 адам білім алуда. Олар бірінші және екінші курсты Қызылордада, ал үшінші және төртінші курсты Сеулде оқиды. Алғашқы студенттер Кореяға оқуға келесі жылы келеді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью