Қазақконцерт сахнасында Алдар көсе мюзиклі өтті

05.11.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының «Алдар көсе» мюзиклі көрермен назарына ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі тапқыр кейіпкердің оқиғаларын заманауи сахна тілімен жеткізген қойылым балалар мен ересектерді ертегі әлеміне жетеледі.

Қойылым режиссері – Есләм Нұртазин, композиторлары – Ербол Нариманұлы мен Ақжол Өмірзақов. Пьеса авторлары Ефрат Шәріпов, Шыңғыс Маман, Есләм Нұртазин және Әннәс Бағдат халыққа таныс кейіпкердің хикаясын бүгінгі көрерменнің танымына жақындатып, ұлттық мұраны заманауи музыкалық жанрда ұсынған.

Мюзиклде Алдар көсе ән айтып, би билеп қана қоймай, рэп те орындайтын қайсар әрі тапқыр кейіпкер ретінде бейнеленді. Ол түрлі сынақтан ақылы мен айласының арқасында өтіп, әділдікті қорғап, зұлымдыққа қарсы тұрды. Оқиға желісіндегі әзіл мен шытырман сәттер арқылы адалдық, батылдық және жақсылыққа ұмтылу идеялары көрініс тапты.

Ұлттық нақыштағы декорациялар, арнайы әзірленген костюмдер мен заманауи жарық шешімдері қойылымның ертегілік атмосферасын толықтырды. Алып бәйтерек, қасиетті тайқазан, сиқырлы таяқ, дәу мен айдаһар бейнелері сахнадағы оқиғаларға ерекше реңк берді. Әуезді әндер мен «Қара жорға» биі музыкалық көріністермен сабақтасты.

Шығармашылық топтың мақсаты – жас көрерменге ұлттық мұраны түсінікті әрі қызықты тілмен жеткізу, халық кейіпкеріне деген қызығушылығын арттыру. Осы ұстанымға құрылған «Алдар көсе» мюзиклі дәстүрлі ертегі мен заманауи сахна өнерін тоғыстырып, отбасылық көрерменге ұсынылды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью