Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Қауіпсіздік қызметі компанияға тиесілі жеке қорғаныс құралдарының ұрлану дерегін анықтады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
№67 "Батыс" кен орнында қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген мердігер ұйымның қызметкері жалған тауар-көлік жүк құжатын пайдаланып, Ultra-210 маркалы респираторларды жымқырған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 2 131 426 теңгені құрады.
"Ішкі тексеру материалдары дереу құқық қорғау органдарына тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті өз кінәсін толық мойындап, компанияға келтірілген материалдық залалды толық көлемде өтеді және кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасты", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық істі қарау нәтижесінде Сәтбаев қалалық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Сондай-ақ сотталушы заңнамада көзделген міндетті төлемді жәбірленушілердің өтемақы қорына төлеуге міндеттелді. Тәркіленген мүлік заңды иесіне қайтарылды.