Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Құрылтай депутаттары Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы ірі қарыз туралы келісімді ратификациялауға мүмкіндік беретін заң жобасын жұмысқа қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құрылтай отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан АИИБ-мен серіктестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялағаннан кейінгі алғашқы бес жыл ішінде шамамен 6 миллиард доллар тартуды көздеп отыр.
Оның айтуынша, қаражат жеңілдетілген шарттармен тартылып, көлік, энергетика, денсаулық сақтау және "жасыл" қаржыландыру сияқты салаларға бағытталады.
Кейінірек Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі былтыр қыркүйекте Қазақстан Президентінің Қытайға сапары кезінде министрлік пен АИИБ арасында жалпы сомасы 6,071 миллиард доллар болатын 14 перспективалы жобаның тізбесі қарастырылған меморандумға қол қойылғанын түсіндірді.
Ақша неге жұмсалады?"АИИБ-мен жүргізілген кейінгі нақты келіссөздер нәтижесінде сомасы 5,3 миллиард доллар болатын 17 перспективалы жобадан тұратын өзекті индикативті пул қалыптастырылды. Оған көлік, энергетика, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы жобалар кіреді. Бұл ретте АИИБ тарапынан Қазақстандағы жобаларды қаржыландырудың әлеуетті көлемі 6 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Келісім ратификацияланғаннан кейін тізбе жаңа жобалар, соның ішінде реформаларды қаржылай қолдау саласындағы жобалармен толықтырылуы мүмкін", - деп мәлімдеді ведомство.
Жұманғарин таяу арадағы жобалардың қатарында Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын, Атырау – Доссор және Мойынты – Қызылжар автожолдары мен теміржол учаскелерін реконструкциялауды атап өтті.
"Ратификациядан кейінгі алғашқы 5 жылда негіздемелік келісім ел экономикасына жеңілдетілген шарттармен қосымша "ұзақ" ақша тартуға, жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекет шығыстарын басымдығы жоғары жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін салмақты азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезіндегі рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді", - деді вице-премьер.
Сондай-ақ Жұманғарин Қазақстанға ақшаның жылдық 1-ден 1,5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен берілетінін айтты.
Қазақстан АИИБ құрылтайшы елдерінің бірі болып табылады және банкпен 2016 жылдан бері ынтымақтастық орнатқан. Осы уақыт ішінде энергетика, денсаулық сақтау және экономикалық тұрақтылықты арттыру салаларында жалпы сомасы 1,8 миллиард доллар болатын жеті жоба іске асырылды.
Еске салайық: ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің басшысымен кездескен болатын. Мемлекет басшысы банк Қазақстанның басым бағыттағы инфрақұрылымдық және инвестициялық бастамаларын іске асырудағы стратегиялық маңызды серіктесі екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Қазақстан 600 миллион доллар қарыз алады: ақша қайда жұмсалмақ?
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу