Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Бүгін — Астана күні. Осыған орай ел тарихында ресми астана болған қалаларға арналған әндерге бір шолу жасап өтпекпіз. Әрине, қазақ тарихында Түркістан, Сығанақ, Сарайшық сияқты саяси және рухани орталықтар аз болған жоқ. Алайда бұл жолы Қазақстан мемлекеті ресми құрылғаннан кейінгі астаналарға ғана тоқталуды жөн көрдік. Яғни Қызылорда, Алматы және Астана туралы әндерді негізге алдық. Бұл тізімге тек халық арасында кеңінен танылған, көпшілік жиі айтатын шығармаларды өз талғамымызға сай іріктеп енгіздік.
«Қызылорда вальсі» — Сыр өңірі мен Қызылорда қаласына арналған кең таралған әндердің бірі. Әннің сөзін ақын Махмұтбай Әміреұлы, әуенін композитор Тәңірберген Қалауов жазғаны көрсетіледі. Қызылордаға арналған әндер ішінде бұл шығарма көпшілік арасында жиі айтылатын, қаланың музыкалық бейнесімен байланыстырылатын туынды ретінде аталады. Әннің мәтінінде Қызылорда жастық шақ, туған жер, Сырдария, көктемгі қала көрінісі арқылы сипатталады. Сондықтан оны Қызылорданың астана болған тарихи кезеңінен туған шығарма емес, кейінгі кезеңде қаланың лирикалық-ностальгиялық образын қалыптастырған ән ретінде алған дұрыс.
Шалқыған шаттық әні бақтарында,
Бөленген көшелері ақ қайыңға.
Дарияның жағасында бір қала бар,
Айналған сыр елінің мақтанына
Баулары жайқалған жүзім алма,
Арманы лаулаған ұл қызы алда
Алыптай адымды
Жастықтай жалынды
Ырысты, күрішті Қызылорда.
Қол созған ертеңге,
Өнері өр кеуде,
Өсе бер, өркенде Қызылорда
«Алматым менің» — Алматы туралы ең танымал кеңестік әндердің бірі. Ән 1972 жылы жазылған. Мансұр Сағатов әуенді жаңа жыл қарсаңында, Алматыдағы Төлебаев көшесімен серуендеп жүрген кезде ойына алған. Кейін ақын Нұрсұлтан Әлімқұловқа хабарласып, Алматыға арналған мәтін жазуды сұраған. Әнді Александр Гурьянов басқарған эстрада-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Ескендір Хасанғалиев алғаш орындаған. 1973 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық туған өлкеге арналған ән байқауында Нұрсұлтан Әлімқұлов осы әннің сөзі үшін құрмет грамотасымен марапатталған.
Алматымда тұр алаулап,
Алтын нұры айдың.
Жүрдің бе сен тамашалап,
Көшесінде Абайдың.
Алматымның бағы қандай,
Алмасының дәмі балдай.
Алма дидар арулар,
Қыз Жібек пен Баяндай.
«Алматы кешінде» — Алматының лирикалық бейнесін қалыптастырған әндердің бірі. Altyn Qor аудиоқорында бұл ән Бақыт Әшімованың 1973 жылғы орындауында берілген. Авторлары - Ілия Жақанов пен Мұзафар Әлімбаев. Ән кейін де көптеген орындаушылардың репертуарына еніп, Алматы туралы көп айтылатын шығармалардың біріне айналды.
Сам жамырап, жарқырады самала
Кел, қалқатай, кел қаланы арала
Бақыттылар байқамайды уақытты
Сағатыңа әлсін-әлсін қарама
Желпиді самал жай ғана
Хош иіс гүлдер айнала
Маужырап тұрған қалада
Арала, сәулем, арала
Серуен қалар есіңде
Алматы рахат кешінде
«Сағындым Алматымды» — Алматыға деген сағыныштан туған ән. Алтынбек Қоразбаевтың айтуынша, шығарма 1974 жылы, өзі Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, Жамбыл облыстық «Алатау» ән-би ансамблін басқарып жүрген кезде туған. Әнді алғашында композитордың өзі домбырамен айтып жүрген, кейін өзі құрған домбырашылар триосымен орындаған. Кейін мәтінін ақын Серікбай Оспанов өңдеп, жаңа шумақтар жазған. 2002 жылы «МузАрт» тобы орындағаннан кейін ән жаңа буынға қайта кең тарады
Қосамын әнге атыңды,
Тосамын әр хатыңды,
Сағындым алма бағын,
Арайлы Алматымды.
Сағындым аққу үнді,
Сағындым ақ гүлімді,
Алматым, сыйладың сен
Шабытты шаттығымды.
«Елімнің жүрегі — Астана» — елорда туралы ең кең таралған патриоттық әндердің бірі. Алтынай Жорабаева бұл әннің 2002 жылдың соңында туғанын айтқан. Ән 2003 жылы «Азия дауысы» аясында ұйымдастырылған байқауда жүлделі орын алып, халыққа кең танылды. Ашық деректерде әннің сөзін Сараш Қоңырбаева, әнін Махамбет Түгелбаев жазғаны көрсетіледі.
Астанам көп қараймын мен келбетіңе
Балғынсың жас қайыңдай өз тербетіле
Жаннаттай жан біткенді елжіретесің
Біз үшін жаннат қала сен жер бетінде
Елімнің жүрегі
Жарқырап жайнай берші, сен, Астанам!
Өзіңе арналады ән дастаным
Қашан да саған іңкәр менің жаным
Жастықтың жалауы бол, сен, Астанам!
«Арман қала — Астана» — жаңа елорданың алғашқы кезеңдегі музыкалық бейнесін жасаған әндердің бірі. Әннің сөзін Ербол Шаймерденов, әнін Марат Омаров жазған. Орындаушысы да Марат Омаров. Ербол Шаймерденовтің өз мәтінінде бұл шығарма «жаңа астана туралы алғашқы танымал әндердің бірі» ретінде сипатталады
Ағылып Атыраудан, Алатаудан
Көш қонды қараөткелден таласа ауған
Жайнайды Астана ару алқасындай
Ғажайып ғимараттар жаңа салған
Сары арқа сауырындай
Ерке есіл бауырындай
Қаланды бой көтеріп,
Арман қала,
Асыл дала
Жаңа Астана
Астана!
Қазақ ақындары мен композиторлары ел астаналарына арнап көптеген ән шығарды. Олардың ішінде халық арасында кең таралғандары да, белгілі ортада ғана айтылып жүргендері де аз емес. Қызылорда, Алматы, Астана туралы әндердің әрқайсысы өз дәуірінің көңіл күйін, қалаға деген сағыныш пен мақтанышты, ел тарихындағы маңызды кезеңдерді бейнелейді. Болашақта осы шығармалардың барлығын жинақтап «Қазақ астаналарына арналған әндер» атты жеке жинақ шығаруға әбден болады.