Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Оның айтуынша, әскери транзит халықаралық нормаларға сәйкес жүзеге асырылады және толық бақылауда болады.
- Халықаралық стандарт бар. Мысалы, Чикаго конвенциясы бойынша кез келген мемлекеттің әуе кеңістігі – сол елдің ажырамас бөлігі. Оны пайдалану сол мемлекеттің заңдарымен реттеледі. Қазақстанда бұл әуе кеңістігін пайдалану туралы заңмен реттелген. Біз де өз кезегімізде басқа мемлекеттердің әуе кеңістігін транзит ретінде пайдаланамыз, – деді ол.
Спикердің мәліметінше, Түркия бағыты бойынша келісім аясында қазақстандық бітімгерлік күштерді тасымалдау кезінде транзит қолданылады.
- Қазіргі таңда бітімгерлік күштер түрлі тактикалық оқу-жаттығуларға қатысу үшін Түркия арқылы транзитпен өтеді. Сол сияқты түрік тарапы да Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалана алады. Яғни, қону жасамай, тек транзит арқылы өтеді, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Сондай-ақ ол транзиттік тасымалдардың барлығы алдын ала келісілетінін атап өтті.
- Әуе кеңістігін пайдалану үшін жылдық немесе бір реттік сұраныс беріледі. Жылдық сұраныс келесі жылға 31 желтоқсанға дейін ұсынылуы тиіс. Онда тасымалданатын жүктің көлемі, түрі, тоннасы және оны алып жүретін персонал көрсетіледі. Құзырлы органдар бұл мәліметтерді қарап, егер ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнбесе және халықаралық келісімдерге қайшы келмесе, рұқсат береді, – деді ол.
Сонымен қатар Қазақстан транзит процесін толық бақылауда ұстайды.
- Ұшу барысында күмән туындаған жағдайда мемлекет әуе кемесін қондырып, шекаралық және кедендік тексеріс жүргізуге құқылы. Жалпы, барлық транзит толық бақылауда болады, – деп түйіндеді спикер.
Бұған дейін спикер Baykar Defence компаниясының Қазақстан аумағында камикадзе-дрондар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру мүмкіндігін қарастыруына байланысты сұраққа жауап берген еді.