Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты К.-ның Жетісу облысы Полиция департаментінің Қаратал аудандық полиция бөліміне және оның басшысына қатысты әкімшілік талабын қарады.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы 1991 жылғы 13 мамырда туған. Бұл дерек туу туралы және неке қию туралы куәліктермен расталған. Алайда оның жеке куәлігінде көрсетілген жеке сәйкестендіру нөмірінде (ЖСН) туған күніне сәйкес келмейтін мәлімет енгізілген: 13 санының орнына 31 деп көрсетілген.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, ЖСН 12 саннан тұрады және оның алғашқы алты саны азаматтың туған жылы, айы және күнін қамтуы тиіс. Алайда талап қоюшының ЖСН-і осы алгоритмге сәйкес келмеген.
Сәйкессіздік жұмыс орнында жалақы есептеудің жаңа жүйесі енгізілген кезде анықталған. Соның салдарынан зейнетақы жарналарын, салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді аудару мүмкін болмаған.
Талап қоюшы Қаратал аудандық полиция бөліміне ЖСН-ге түзету енгізу туралы өтініш берген. Алайда оған жазбаша бас тарту берілген. Бұл шешіммен келіспеген азамат сотқа жүгініп, бас тарту оның құқықтарын бұзатынын және заңды мүдделерін жүзеге асыруға кедергі келтіретінін көрсеткен.
Сот талқылауы барысында талап қоюшының нақты туған күні ресми құжаттармен дәлелденгені және ЖСН құрылымы туған күнге сәйкес келуі тиіс екені анықталды. Сонымен қатар жауапкер тиісті әкімшілік акт қабылдамай, бас тартуды анықтама түрінде рәсімдегені белгілі болды. Бұл әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама талаптарына сай келмейді.
Сот шешімімен әкімшілік талап ішінара қанағаттандырылды. Қаратал аудандық полиция бөлімінің ЖСН-ге түзету енгізуден бас тартуы заңсыз деп танылды. Полиция бөліміне талап қоюшының ЖСН-ін 1991 жылғы 13 мамырға сәйкес заңда белгіленген мерзімде түзету міндеттелді.
Ал Жетісу облысы Полиция департаментіне қатысты талап қанағаттандырылған жоқ. Сонымен қатар талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж қайтарылды.
Бүгін, 13:00