Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қауіпсіздік – таңдаудың басты талабы
Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен Парсы шығанағындағы жағдай білім саласына да әсер етпей қоймады. Қаржы маманының айтуынша, қазір көптеген ата-ана шетелдегі, соның ішінде БАӘ сияқты елдердегі балаларын Қазақстанға ауыстыру жолдарын қарастырып жатыр. Мұндағы басты себеп – қауіпсіздік.
– Көбі таңғалуы мүмкін, бірақ бізде білім сапасы жағынан Дубайдағы шетелдік оқу орындарынан еш кем түспейтін кем дегенде 10 университет бар. Қазіргі таңда ата-ана үшін бірінші орында – баласының тыныш жерде оқығаны. Бұл тұрғыда Қазақстан Орталық Азиядағы ең қауіпсіз аймақ болып қалып отыр, - дейді Расул Рысмамбетов.
Бұған дейін Батыс елдеріне ағылған жастар қазір визалық кедергілер мен сол елдердегі университеттердің қаржылық дағдарысына тап болып отыр. Осы орайда отандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігі арта түспек.
Отандық университеттердің әлеуеті
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның кем дегенде он жоғары оқу орны беретін білім түлектердің әлемнің кез келген нүктесінде жұмыс табуына мүмкіндік береді. Қазіргі экономика саласында бір емес, бірнеше мамандықты меңгеруді талап етеді, ал біздің университеттер сәйкесінше бұл сұранысқа бейімделе бастады.
Расул Рысмамбетов қазір отандық білім ордаларына тек жергілікті емес, шетелдік студенттерден де сұраныс артып отырғанын айтады. Алайда ЖОО сайттарының ақпараттық жағынан әлсіздігі әлі де болса қолбайлау.
Отандық ғылым қалай табыс әкелмек?
19 наурызда Алматыда өткен кездесуде Президент ғылымға бөлінетін инвестицияның тиімділігін арттыруды тапсырған болатын.
Қаржыгердің айтуынша, кәсіпкерлер көбіне отандық ғылыми жаңалықтарды байқай бермейді.
– Бұл жерде мәселе білім алушыларға қайырымдылық жасауда емес, сол арқылы табыс табуда. Кәсіпкерлер жеке зертханалар ашып, профессорларды жұмысқа тартып, бірлескен мамандар даярлауы керек. Бізде коммерциялық әлеуеті зор идеялар көп, тек соны көре білетін іскерлік құштарлық қажет, - деп толықтырды маман.
Мысалы Назарбаев Университетінің зертханасында (NLA) жасалып жатқан бірегей аккумулятор прототиптері туралы ірі ұлттық компаниялардың хабарсыз болуы – осы байланыстың жоқтығының көрінісі.
Қазіргі отандық ЖОО-лардың әлеуеті қандай?
Бүгінде Қазақстанға Үндістаннан медицинаға, ТМД елдерінен IT саласына оқуға келетін жастар көбейген. Бұл білім беру саласының қуатты экспорттық әлеуетін көрсетеді. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар мен ашылып жатқан 30-дан астам шетелдік ЖОО филиалы бұл үрдісті одан ары жеделдетпек.
Қазақстанның білім беру жүйесі тек ішкі сұранысты қанағаттандырып қоймай, білім экспортының негізгі күшіне айналуға мүмкіндігі бар. Егер біз ғылым мен бизнестің арасындағы алтын көпірді нығайтып, қауіпсіздік пен сапаны қатар ұсына алсақ, білім экспорты еліміздің экономикалық дамуының жаңа қозғалтқышына айналмақ.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік, ғылыми, инженерлік-техникалық мамандарды сапалы даярлауға күш салудың маңызына тоқталған болатын.