Қазақстан бойынша су басу қаупі бар елді мекендер саны азайды ТЖМ

18.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірлік жоспарлар бойынша көзделген 821 іс-шараның 760-ы орындалған.

Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму жоспарларында қарастырылған 250 іс-шараның 201-і жүзеге асқан.

— Өңірлерде 831 шақырым қорғаныш бөгеттер салынды. 1 128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, жаңартылды. Автомобиль және теміржол жолдарында 934 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды, — деді Серік Жүнісбеков ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде.

Оның сөзінше, өзендердің су тасқыны қаупі жоғары учаскелерінде де жұмыстар жүргізілген.

— Бұдан бөлек, 221 шақырым өзен арналары түзетіліп, 172 шақырымы тазартылды. Нәтижесінде су тасқыны қаупі бар 1 242 елді мекеннің 234-інде қорғаныс деңгейі артты, ал 736 елді мекен үшін су басу қаупі төмендеді, — деді ол.

Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда.

— Еліміздің 10 өңірінде 130 елді мекенді қамтыған 17 аэровизуалды тексеріс жүргізілді. Бұл жұмыстар жалғасады, — деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар алдын алу шаралары қолға алынған.

— Елді мекендерден 5 млн текше метрден астам қар шығарылды. 126 мың тонна жанар-жағармай, 374 мың тонна инертті материал және 4,5 млн қап дайындалды. Қауіпті учаскелерде жарылыс жұмыстарын жүргізу және азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша келісімдер жасалды, — деп түйіндеді Серік Жүнісбеков.

Айта кетейік, бұған дейін тасқынның алдын алу үшін су қоймаларынан су жіберіліп жатқаны хабарланған болатын.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью