“Қазақстан бёрдвотчерлер Меккесі“. Құстарды бақылау жергілікті тұрғындарды қызықтырып, туристерді тартып жатыр

04.06.2026

Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Бёрдвотчинг - көптеген елде кеңінен танымал. Оның мәні құстардың тіршілігін бақылауда жатыр: біреулер дүрбімен сирек кездесетін түрлерді іздесе, енді біреулер кәсіби техникамен оларды суретке түсіреді. Кейбіреулер үшін бұл жай ғана хобби болса, ал кейбіреулер үшін - бүкіл өмірінің мәні.

Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін

Құстардың алуан түрлілігі мен белсенді энтузиастар қауымдастығының арқасында бёрдвотчинг Қазақстанда барған сайын танымал әуесқойлыққа айналуда. Бұл бағытты танымал етушілердің бірі Асқар Исабеков болды. Қазақстанда сонымен қатар бёрдвотчерлердің Telegram-қауымдастығы жұмыс істейді, онда қатысушылар бақылауларымен, фотосуреттерімен, локацияларымен және табиғатты қорғау жобалары туралы ақпаратпен бөліседі. Журналист және энтузиаст Наталья Борова үшін бёрдвотчинг орнитологтармен сұхбаттасудан басталды, ал Сорбұлақ көлдер жүйесіне жасаған сапарынан кейін ол нағыз әуестікке айналды. Онда ол бір күнде құстардың жүзден астам түрін көре алған. Оның пікірінше, құстарды бақылау табиғатты жақсырақ түсінуге ғана емес, оны сақтауға назар аударуға да көмектеседі. Ринат Хайбулин бёрдвотчингке дала жұмыстары мен фотосурет арқылы келді, ол айналасындағы құстар әлемінің қаншалықты алуан түрлі екенін байқай бастаған. Ол үшін бұл күрделі жұмыстан кейін сергудің, тынығудың және зерттеуші қуанышын сезінудің тәсілі. Қазақстанды сирек кездесетін және қызықты түрлердің, соның ішінде орақтұмсық, тарғақ, қара және аққанат бозторғайлардың арқасында бёрдвотчерлер Меккесі деп атайды. Шетелдік туристер мұнда басқа жерлерде көру қиын құстар, мысалы, анар тамақ бұлбұл немесе дала эндемиктері үшін келеді. Қауымдастық тек жеке сапарлар арқылы ғана емес, сонымен қатар фестивальдер, фотобайқаулар және табиғатты қорғау бастамаларымен айналысатын қор арқылы да дамып келеді. Сұхбат берушілердің айтуынша, құстарды бақылауды қарапайым дүрбіден, анықтағыш-қосымшадан және өз аулаңыздан немесе жақын маңдағы саябақтан бастауға болады. Ең бастысы — пікірлестер табу және айналаңыздағы үйреншікті табиғатқа мұқият қарауды үйрену.

Қазақстан фаунасының құс түрлеріне бай болуы жергілікті бёрдвотчерлердің пайда болуына әсер етпей қоймады. Қазақстанда бёрдвотчингті танымал еткен басты тұлғалардың бірі - 2021 жылғы сәуірде өмірден өткен Асқар Исабеков болды.

2005 жылы ол Birds.kz сайтын ашты, бұл ресурс 20 жылдан аса уақыт бойы құстарға әуес жандардың басын қосып келеді. Онда әлі күнге дейін Исабековтің фотосуреттері де, күнделіктері де сақталған. Қазір ресурс жаңа Birding.day доменіне көшті. Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған бёрдвотчерлердің 327 822 құс фотосы мен күнделіктердегі 2 612 жазбасы сақталған.

Шетелдік әуесқой орнитологтар да Қазақстанды бёрдвотчинг үшін ең қызықты елдердің бірі деп санайды. Жақында Алматыдағы Әуежай көлінде саяхатшы-фотограф Андрей Осокинді жолықтырдық. Ер адам елге арнайы құстарды суретке түсіру үшін келген.

Кездесу туралы толығырақ осы репортаждан оқи аласыздар.

Tengrinews.kz тілшісі 2026 жылы Қазақстандағы бёрдвотчингтің жай-күйін білуді ұйғарып, жергілікті қауымдастық өкілдерімен тілдесті. 

Қазақстандық бёрдвотчердің портреті

Жоғарыда айтылғандардан бөлек, қазақстандық бёрдвотчерлердің "Qazaq Birds" Telegram-қауымдастығы бар. Оның құрамында 400-ге жуық адам бар. Оның негізін қалаушы - қоғам қайраткері және "Ветер странствий" туристік порталының редакторы Наталья Боровая. Журналист бёрдвотчингпен осыдан 15 жылдан аса уақыт бұрын, қазақстандық орнитологтардан сұхбат алып, олармен бірге құстарды бақылауға шыққан кезде танысқан.

Наталья Боровая. Жеке архивтен алынған сурет

"Ол кезде Қазақстанда бёрдвотчинг деген ұғым іс жүзінде болған жоқ, тек жекелеген энтузиастар ғана болды. Сол кездің өзінде Асқар Исабеков негізін қалаған Birding.day сайты жұмыс істеп тұрды. Өкінішке қарай, ол ковид пандемиясынан аман қалмады, бірақ оның ісін ізбасарлары, соның ішінде жары Анар жалғастырып жатыр", - деп еске алады Наталья.

Асқар Исабеков. Фото: Мәдина Дүйсебаева / kz.birding.day

Ол бұл істің өзін қалай баурап алғаны туралы әрі қарай әңгімеледі:

"Алдымен мен орнитологтардан сұхбат алдым, кейін олармен бірге бёрдингке шыға бастадым. Тауға жасалған алғашқы сапарлар маған аса қатты әсер ете қоймады: құстар аз болды және оларды анық көру қиынға соқты. Бірақ Алматы облысындағы Сорбұлақ көлдер жүйесіне барғаннан кейін бәрі өзгерді. Онда біз бір күннің ішінде құстардың жүзден аса түрін - су, су маңы, дала және шөл құстарын көрдік. Дәл сол кезде мен бұл іске шындап қызыға бастадым".

Наталья Боровая бёрдвотчингті өз хоббиі деп санайды, өйткені ол ғалым емес және зерттеулермен кәсіби түрде айналыспайды. Бірақ бұл хоббидің әлдеқашан үлкен іске айналғанын мойындайды, себебі ол қоғамның назарын табиғатты қорғау мәселелеріне аударуға көмектеседі.

"Орнитологтармен бірге алғаш рет құстарды бақылап, оларды сапалы оптика - дүрбілер мен көру түтігі арқылы көргенімде, бұл әлемнің қаншалықты таңғажайып екенін түсіндім. Құстар аспандағы жай ғана сұлба болудан қалды. Олардың керемет әдемі, алуан түрлі екені және қасымызда өздерінің өмірін сүріп жатқаны мәлім болды. Уақыт өте келе құстарды бақылау жай ғана әуестіктен жоғары деңгейге көтерілді. Қанаттылар әлеміне көмектесуге, табиғатты қорғау жобаларына қатысуға, адамдарға құстар мен олардың проблемалары туралы айтып беруге деген құлшыныс пайда болды. Ғалымдардың көптеген маңызды бастамалары қалың жұртшылыққа беймәлім қалып жатады, сондықтан менің журналист ретіндегі міндетім - оларды көпшілікке таныту", - деп түсіндіреді Боровая.

Сонымен қатар, энтузиастың айтуынша, құстарды бақылау ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектеседі:

"Егер мазасыздық немесе психологиялық шаршау пайда болса, мен фотоаппаратымды, дүрбімді алып, құстарды бақылауға кетемін. Біраз уақыттан кейін шиеленіс тарқап, оның орнына сабыр мен сенімділік келеді".

Жасыл аражегіш. Фото: Ринат Хайбулин

Наталья Бороваяның қазақстандық бёрдвотчерлермен араласу тәжірибесі өте мол болғандықтан, біз олардан портрет жасап, бұл қандай адамдар екенін айтып беруін сұрадық.

"Бұл - табиғатқа кең мағынада қызығатын жандар. Олардың арасында экологтар, ботаниктер, фотографтар, саяхатшылар, жануарларды қорғаушылар көп. Жастары әртүрлі - шамамен 20 жастан 70 жасқа дейін және одан да үлкендер бар. Әдетте, бұл - айналасында болып жатқан жайттарға бейжай қарамайтын, белсенді өмірлік ұстанымы бар білімді адамдар. Оларды қоршаған әлемді жақсырақ түсінуге және оны сақтауға деген ұмтылыс біріктіреді. Қауымдастықтың үнемі өсіп келе жатқаны мені қатты қуантады", - дейді Боровая.

Сондай-ақ ол олардың комьюнитиі жаңадан бастаушылар үшін де, тәжірибелі бақылаушылар үшін де ашық екенін атап өтті.

"Қатысушылар суреттерін бөліседі, бақылаулары туралы айтады, қызықты локацияларды ұсынады, түрлі байқаулар, жарыстар мен бёрдинг-кэмптер туралы ақпарат жариялайды. Қоғамдастық арқылы біз ғылыми жобалар мен табиғатты қорғау бастамалары туралы да ақпарат таратамыз. Мысалы, биыл Шақпақ құстарды сақиналау станциясына 60 жыл толады, біз осы оқиғаны жариялап, еріктілерді тартуға көмектесіп жатырмыз", - деп толықтырды ол.

Сергу тәсілі

Келесі респондентіміз - алматылық Ринат Хайбулин. Мамандығы бойынша гидрогеолог, Қазақстандағы ірі уран компанияларының бірінде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта оның қызметі Түркістан облысына шоғырланған. Жұмысы күрделі өндірістік тапсырмалар және тұрақты далалық сапарлармен тікелей байланысты.

Үй байғызы. Фото: Ринат Хайбулин

"Жұмыс бабымен өндірістік нысандарға жиі шығамын, ол жерде жабайы табиғатпен үнемі бетпе-бет келемін, - Хайбулин бұл әуестікке қалай келгенін айтып берді. - 2019 жылы қолыма камера алғанға дейін құстардың бәрі маған кәдімгідей көрінетін - ұшады да жүреді. Бірақ оларды объективке түсіріп, әр бөлігіне үңіле бастағанда, бұл әлемнің қаншалықты сан алуан екенін түсінесің. Осылайша, жұмыс барысындағы кадрлар арқылы бёрдвотчинг әлеміне біржола келдім".

Ринаттың айтуынша, бёрдвотчинг ол үшін "сергу" тәсілі әрі ауыр жұмыстан кейін назарды басқа арнаға бұрудың таптырмас құралы:

"Құстарды бақылау сені дәл осы жерде және қазір барынша зейін қоюға мәжбүрлейді: есту, көру қабілетіңді жаттықтырып, ең ұсақ бөлшектерді байқап үйренесің. Сонымен қатар, бұл зерттеушілік құштарлықты оятады: әрбір жаңадан көрген түрің балаша мәз қылып, шынайы қуаныш сыйлайды".

Сирек құстар мен шетелдік туристер

Біз Ринат Хайбулиннен "кездестірген" құстарының ішінде қайсы ерекше әсер қалдырғанын сұрадық. Ол былай дейді:

"Даладағы әрбір кездесу ерекше әсер қалдырады. Маған табиғатта айбынды үкі мен алып қара тазқараны жолықтыру бақыты бұйырды - бұл жыртқыш құстардың ауқымы адамды таңғалдырады. Бірақ ең қызықты әрі естен кетпес сәттердің бірі - ақ құйрықты сарыала бөктергіні бақылау болды: оның балапандарының қалай өсіп-жетілгенін динамикада бақылай алдым".

Қара тазқара. Фото: Ринат Хайбулин

Ал қазір оның басты мақсаты - орақтұмсықты көру.

"Бұл - биік тау өзендерінің қиыршық тасты жағалауларын мекендейтін, тұмсығы төмен қарай иілген таңғажайып мамырқұс. Ол өте сақ, тастардың арасында керемет жасырынады, Орталық Азиядағы кез келген құс әуесқойы оны жолықтыруды армандайды", - деп түсіндірді Хайбулин.

Бұған қоса кейіпкеріміз Қазақстан құс түрлерінің сан алуандығына байланысты әлемдік бёрдвотчерлер үшін Мекке іспетті екенін айтты.

Оның айтуынша, еліміздегі ең бағалы "олжа" ретінде үш түр саналады:

орақтұмсық - биік таулы аймақтарда мекендейтіндіктен, оны табу қиын; тарғақ - біздің даламызда ұя салатын, жойылып кету қаупі төнген ең сирек мамырқұс; қара және аққанат бозторғайлар - шетелдік туристер көру үшін мұхит асып келетін, біздің даламыздың эндемиктері.

Үкі. Фото: Ринат Хайбулин

Наталья Боровая болса, әрбір бақылаушы үшін "арман болған құс" әртүрлі болатынын айтады:

"Орталық Қазақстан тұрғындары үшін қара бозторғай немесе тарғақ сияқты түрлер үйреншікті. Ал алматылықтар үшін бұл құстарды жолықтыру нағыз оқиға болуы мүмкін. Біреулер қоқиқазды көруді армандаса, енді бірі сирек кездесетін дала немесе тау құстарын іздейді. Бёрдвотчингтің қызықты болатыны да содан: көргің келетін жаңа түрлер үнемі табылады".

Журналистің өзі үшін Қазақстанның оңтүстігіндегі Қаратау тауларында жұмақ шыбыншысын кездестіруі ең жарқын әсерлердің бірі болды. Бұл - біздің өлкеде тек ұя салу кезеңінде ғана көруге болатын таңғажайып әдемі құс. Қыста ол жылы жаққа ұшып кетеді.

Қаратаудағы жұмақ шыбыншысы. Фото: Наталья Боровая

"Мен қазір тұрып жатқан Риддер маңындағы ормандарда қызылтамақ бұлбұлды бақылағанды өте жақсы көремін, - деп жалғастырды Боровая. - Шетелдік бёрдвотчерлер мұнда дәл осы құс үшін келеді. Ұя салу кезінде бұлбұлдар сайрайды, бұл ұмытылмас әсер сыйлайды. Бұлбұлды Үндістандағы қыстауларда да көруге болады, бірақ ол кезде олар сайрамайды".

Сұр тырналар. Фото: Наталья Боровая

"Бірқазандарды бақылаудан еш жалыққан емеспін, Қазақстанда олардың екі түрі бар: қызғылт және бұйра бірқазан, - дейді журналист тебіреніп. - Бұл - айбынды, көне құстар. Бірқазанның бізге белгілі ең көнелері 2010 жылы Францияның оңтүстік-шығысында табылды, олардың жасы шамамен 30 миллион жыл болады!"

Дегенмен, ол кез келген құстың өз қызығы бар екенін айтады. Тіпті кәдімгі ақшаңқанның өзі қуаныш сыйлайды, өйткені оның елдің шығысында көрінуі нағыз көктемнің келгенін білдіреді.

Фестивалдер мен фотобайқаулар

Қазақстандық бёрдвотчерлер қауымдастығының тыныс-тіршілігі тек шағын топ болып табиғат аясына шығумен ғана шектелмейді. Мәселен, құс әуесқойларының 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан "Алакөл қанаттары" атты өз фестивалі бар, ол биыл он төртінші рет ұйымдастырылғалы отыр.

Жыл сайын бұл шара 200–300-ге жуық қатысушының басын қосады. Бағдарламада - құстарды бақылау, экскурсиялар, орнитологтардың дәрістері, шеберлік сағаттары, Алакөл қорығының ғалымдарымен кездесулер, мәдени іс-шаралар мен отбасылық белсенділіктер бар.

"Фестиваль ең алдымен жаңадан бастаушыларға арналған. Біз адамдарды бёрдвотчинг негіздерімен таныстыруға және құстар әлемінің қаншалықты қызықты екенін көрсетуге тырысамыз. Фестивальден кейін қатысушылардың бірі құс бақылауға шындап бет бұрғанын білу біз үшін өте қуанышты", - дейді Наталья Боровая.

Бёрдвотчерлердің жүлделері мен қазылар алқасы бар өздерінің ауқымды фотобайқаулары да бар. Солардың бірі осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның айтуынша, жұмыс істеген жылдар ішінде қауымдастық жай ғана әуестіктен маңызды қоғамдық қызметке дейінгі үлкен жолдан өтті. Бір жыл бұрын жануарларды, өсімдіктер мен құстарды қорғауға бағытталған табиғат қорғау жобаларымен айналысатын "Қанаттар" қоғамдық қоры құрылды. Боровая оның директоры болды.

Құстарды бақылауды бастау үшін не қажет?

Сондай-ақ сұхбаттасушылрдан бёрдвотчингпен айналысқысы келетін энтузиастарға неден бастау керек екенін сұрадық. Ринат Хайбулин үш нәрсеге назар аударуды ұсынды:

Қарапайым дүрбі сатып алыңыз. Бірден қымбатын алудың қажеті жоқ, параметрлері 8×42 болатын жеңіл құрылғы жеткілікті. Ол сіздің табиғатты қабылдауыңызды түбегейлі өзгертеді. Телефонға анықтағыш орнатыңыз. Merlin Bird ID сияқты қосымшалар немесе отандық Birds.kz сайты - ең жақсы көмекшілер. Айтпақшы, Merlin құстарды орманда дауысынан-ақ тани алады. Өз аулаңыздан бастаңыз. Күн сайын көріп жүрген құстарға мұқият қараңыз. Айналаңызда жай ғана "торғайлар" емес, өте көп әрі әдемі түрлердің өмір сүретінін түсінгенде таңғаласыз.

Саз бөктергісі. Фото: Ринат Хайбулин

Сонымен қатар, Хайбулин құстарды бақылау үшін қаладан жүздеген шақырым алысқа ұзап кетудің еш қажеті жоқ деп есептейді.

"Алматы сияқты жасыл қалада тамаша бёрдингті тікелей қала ішінде де жасауға болады. Үлкен және Кіші Алматы өзендері арналарында, Терренкур, Ботаникалық бақ немесе Тұңғыш Президент саябағында көкқұс пен қоңыр сушылдан бастап, ашық түсті қырғауылдар мен шымшықтардың сирек түрлеріне дейінгі ондаған құсты кездестіруге болады. Қалалық саябақтар - бұл нағыз оазистер. Ал алыс сапарлар көбінесе ландшафтты ауыстыру үшін, мысалы, дала немесе су құстарын көру үшін қажет", - деп түсіндіреді ол.

Ал Наталья Боровая жаңадан бастаған бёрдвотчерге ең алдымен пікірлестер қауымдастығын табу қажет деп санайды. Сонымен қатар ол да алғашқы уақытта бёрдвотчинг үшін алыс жерлерге барудың қажеті жоқ екеніне сенімді.

"Құстарды тура үйдің жанында бақылауға болады. Түрлі ағаштары мен бұталары бар саябақ аймақтарында немесе су қоймаларының жанында. Мәселен, Алматы мен Петропавлдағы Тұңғыш Президент саябақтарында, Астанада - Кіші Талдыкөл көлінде бақылау жүргізуге қолайлы орындар бар. Қыста жемсауыттар орнатуға болады, сонда үйдің жанына құстардың алуан түрі келе бастайды. Тұздалмаған майға тоқылдақтар, сарғалдақ торғайлар және басқа да қанаттылар ұшып келеді", - деп құпияларын бөлісті Боровая.

Дегенмен, оның айтуынша, уақыт өте келе жаңадан бастаушыларда көбірек нәрсені көруге деген құштарлық міндетті түрде пайда болады. Содан кейін әуесқойлар мүмкіндігінше көп құс түрін көру үшін су қоймаларына, басқа өңірлерге, тіпті өзге елдерге бара бастайды.

Авторы: Никита Данилин

Дайындаған: Дина Шәріпхан

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

Алматыдағы Әуежай көліне және оны мекендеушілерге қандай қауіп бар?

Қарасу мысалындағы су тапшылығы. Алматы көлдеріне қандай қауіп бар?

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью