Қазақстан дзюдо құрамасының жаттықтырушысы халықаралық турнирлерге дайындық туралы айтты

27.02.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, 6-8 наурыз аралығында қазақстандық дзюдошыларды екі халықаралық жарыс күтіп тұр – Өзбекстандағы «Үлкен дулыға» және Аустриядағы Гран-при турнирі.

«Барлық балуандар жақсы спорттық формада. Жаттығу процесіне айтарлықтай өзгеріс енгізілген жоқ. Тек Әбиба Әбужақынованы суық тиюіне байланысты белгілі бір кезеңде жаттығудан босаттық. Қалғаны жоспар бойынша өтті. Енді дзюдошыларымыздың нәтижелі өнер көрсетуін күтеміз», – деді Роберт Мшвидобадзе.

Оның айтуынша, ұлттық құрамада түбегейлі өзгерістер жоқ. Дегенмен бірқатар жас спортшылар негізгі құрамға қосылған.

«Бұл – қуанышты жағдай. Болашағынан үміт күттіретін, еңбекқор жастар. Жүйелі жұмысты жалғастырып келеміз. Жақын арада олар да нәтижесін көрсете бастайды деп ойлаймын», – деді жаттықтырушы.

Ол Grand Slam мен Гран-при турнирлеріне толық дайын спортшылар ғана іріктелгенін атап өтті. Жаттықтырушылар штабы әр балуанның жағдайын жіті бақылап, спорттық бабына қарай жарысқа қатысу туралы шешім қабылдайды.

«Қазір көптеген балуан бабына еніп келеді. Мұны Париждегі турнир нәтижелері де көрсетті. Өткен жылы басты назар физикалық дайындыққа аударылып, спортшылар негізінен әлем және Азия чемпионаттарына, сондай-ақ төрт халықаралық турнирге қатысты. Қазір бәрі қалыпты. Биыл бірнеше жарыста медаль жеңіп аламыз деп сенемін», – деді ол.

Маусымдағы басым бағыттарға тоқталған Роберт Мшвидобадзе негізгі назар әлем чемпионаты мен Азия ойындарына аударылатынын айтты.

«Оған дейін Азия чемпионаты бар. Маусым барысында жоспарға түзетулер енгізілуі мүмкін. Дегенмен басты мақсат – Азия ойындарында сәтті өнер көрсету», – деп түйіндеді жаттықтырушы.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы Париждегі Grand Slam турнирін үш қола медальмен аяқтады. Жуырда Ташкенттегі «Үлкен дулығаға» қатысатын ұлттық құраманың тізімі жарияланған болатын.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью