Қазақстан ЕАЭО аясындағы экономикалық ықпалдастықты нығайтуды жалғастырады

28.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

ЕАЭО аясында бірыңғай кедендік реттеу жүйесі қалыптасып, мүше мемлекеттер арасындағы кедендік бақылау алынып тасталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл тауарлардың ЕАЭО-ға мүше елдердің аумағында еркін қозғалуына мүмкіндік беріп, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдетуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және өзара сауданың өсуіне оң ықпал етуде.

Қазіргі таңда жаһандық экономика жағдайында тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету, ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Сонымен қатар ақпараттық өзара іс-қимыл, нақты секторды субсидиялау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика және өзге де салалар бойынша экономикалық ынтымақтастық дамып келеді.

ЕАЭО-ның 11 жылдық қызметі Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштеріне оң әсерін тигізді.

Мұны нақты статистикалық деректер де дәлелдейді. ЕАЭО қызмет еткен кезеңде Қазақстанның серіктес мемлекеттермен өзара сауда көлемі 89,6%-ға артты. 2015 жылы бұл көрсеткіш 16,3 млрд АҚШ долларын құраса, 2025 жылы 30,9 млрд АҚШ долларына жетті. Үшінші елдермен сауда көлемі де 87,7%-ға өсіп, 2015 жылғы 60,2 млрд АҚШ долларынан 2025 жылы 113 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды.

Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге экспорты да айтарлықтай өсім көрсетті. Атап айтқанда, 2015 жылғы 5,1 млрд АҚШ долларынан 2025 жылы 10,1 млрд АҚШ долларына дейін өсіп, 98%-ға артты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінен Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 5 есе өсіп, 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. 2015 жылы бұл көрсеткіш 0,6 млрд АҚШ долларын құраған болатын.

Үшінші елдерден тартылған инвестициялар көлемі 2025 жылы 17,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 14,8 млрд АҚШ долларын құраған. Аталған нәтижелер Қазақстанның ЕАЭО ортақ нарығының бір бөлігі болуының тиімділігін көрсетеді.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі де оң динамика көрсетті. 2025 жылы 2015 жылмен салыстырғанда ЖІӨ-нің номиналды өсімі 65,9%-ды құрады.

Жалпы алғанда, ЕАЭО қызметінің негізгі қағидаты «төрт еркіндіктің» — тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың еркін қозғалысын толыққанды қамтамасыз етуге негізделген.

Осыған байланысты мүше мемлекеттер ең алдымен ЕАЭО туралы шарттың ережелерін іске асыруға басымдық беруде.

Сонымен қатар ЕАЭО-ға мүше жекелеген елдердің өнеркәсіп саласындағы жоғары құзыреттерін ескере отырып, кооперациялық жобаларды дамытуға ерекше назар аударылуда.

Осы мақсатта 2023 жылы өнеркәсіптік кооперацияны қаржылай қолдауға бағытталған іргелі шешімдер қабылданды. Қалыптастырылған қолдау тетіктері өнеркәсіп кәсіпорындарына интеграциялық әсері бар көпжақты бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандық бизнес үшін бұл жоғары деңгейдегі локализациясы бар жобаларды іске асыруды, жоғары технологиялық өндірістерді енгізуді және экспорттық әлеуетті арттыруды білдіреді.

Осыған байланысты Қазақстан өзінің географиялық орналасуы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, өңірлік кооперацияны дамыту орталығы ретінде әрекет етуде.

Еліміздің географиялық ерекшелігі мен теңізге тікелей шығу мүмкіндігінің болмауын ескере отырып, Қазақстан өзін ЕАЭО-ның ірі логистикалық хабы ретінде дамытуда. Осы мақсатта «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттары, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Экономикалық интеграцияны одан әрі дамытудың алдағы бес жылға арналған негізгі бағыттары 2023 жылғы 25 желтоқсанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары қабылдаған «2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған ЕАЭО шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы “Еуразиялық экономикалық жол” декларациясында» айқындалған.

Қабылданған Декларация алдағы бес жылдағы экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық көзқарасын айқындап, мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының негізгі басымдықтарын белгілейді.

Қазақстанның бастамасымен құжатқа өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, транзиттік-көліктік әлеуетті арттыру, сондай-ақ халықаралық серіктестерді ЕАЭО аясындағы жобалар мен келісімдерге тарту мәселелері енгізілді.

Декларацияның тек экономикалық сипатқа ие екенін және ЕАЭО туралы шарттың мақсаттарына сәйкес орта мерзімді кезеңдегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтынын атап өткен жөн.

Жалпы алғанда, Декларацияны іске асыру ЕАЭО елдерінің өзара және сыртқы сауда көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта Декларация-2030-ды практикалық іске асыру бойынша жұмыстар ЕЭК Кеңесі мүшелерінің 2025 жылғы 21 желтоқсандағы №39 өкімімен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде.

Сондай-ақ, биыл Қазақстан Республикасы ЕАЭО органдарына төрағалық етуде. Атап айтқанда, Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесіне, Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалық етеді.

Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Токаев 2025 жылғы 31 желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттері басшыларына жолдаған үндеуінде Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтарын айқындады. Олар: жасанды интеллектіні экономикалық интеграцияны дамытудың жаңа құралы ретінде дамыту, ЕАЭО логистикалық кеңістігінің әлеуетін пайдалану, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өзара саудадағы әкімшілік кедергілерді қысқарту және үшінші елдермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.

Қазақстан Республикасының төрағалығы аясында 2026 жылғы 28–29 мамыр күндері Астана қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы мен Еуразиялық экономикалық форумын өткізу жоспарланған.

Жалпы алғанда, Қазақстан ЕАЭО құқығында бекітілген орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету, ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы негізгі мақсаттар мен қағидаттарды жүйелі әрі дәйекті түрде іске асыруды жалғастыруға ниетті.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью