Қазақстан егде жастағы жүргізушілер үшін ережелерді қатаңдатуда қайда бақылау қатаң, ал қайда жеңілірек

22.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

25 тамыздан бастап Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілер тұрақты түрде қайта медициналық тексеруден өтуге міндеттеледі. Tengri Auto редакциясы бұл тәжірибе әлемде қаншалықты танымал екенін және шетелде егде жүргізушілерге қалай қарайтынын білуді жөн көрді.

Еске сала кетейік, жаңа ережелер бойынша 65 жастан асқан жүргізушілер, сондай-ақ мүгедектігі бар жүргізушілер әр екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуге міндетті.

Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде беріледі: жүргізушінің денсаулық жағдайы туралы деректер базаға түсіп отырады.

Егер жүйеде жүргізушінің денсаулық жағдайы бойынша көлік жүргізуге рұқсат етілгені немесе медициналық қарсы көрсетілімдері бар-жоғы туралы мәліметтер болмаса, бұл басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.

Жүйеге рөлге отыруға рұқсаты бар жүргізушілер туралы да, көлік жүргізуге қарсы көрсетілімдері анықталғандар туралы да мәліметтер енгізіледі.

Бұл жаңашылдық жайдан-жай пайда болған жоқ. Жас мөлшері көлік жүргізу құқығын шектеуге негіз болып саналмайды. Дегенмен мамандар жас ұлғайған сайын кейбір адамдардың көру қабілеті, реакция жылдамдығы, зейіні мен когнитивті функциялары нашарлауы мүмкін екенін атап өтеді.

Сондықтан көптеген елде егде жүргізушілер үшін қосымша медициналық тексерулер немесе жүргізуші куәлігін ұзартудың арнайы рәсімдері қарастырылған.

Жапония

Күншығыс елінде жүргізушілер 75 жастан бастап когнитивті бағалау тестінен өтуі тиіс. Жапония Ұлттық полиция агенттігі мәліметінше, тестті жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталуға жарты жыл қалғанда тапсыруға болады.

Анықтама: Когнитивті бағалау - сынақтан өтушінің есте сақтау және шешім қабылдау қабілетін тексерудің қарапайым әдісі және ол дәрігер жүргізетін диагностиканы немесе медициналық тексеруді алмастырмайды.

Тест төрт кезеңнен тұрады, оның барысында адамның есте сақтау және уақытты бағдарлау қабілеті бағаланады. Алдымен адамға зейінді тексеру тапсырмасы беріледі: белгілі бір сандарды барынша тез тауып, белгілеу қажет. Кейін түрлі заттың суреттері бар карточкалар көрсетіліп, біраз уақыттан соң соларды есте сақталғаны бойынша атап беру сұралады.

Егер қатысушы барлық суретті есіне түсіре алмаса, емтихан алушы зат жататын санатты (мысалы, "жануар" немесе "көлік") айтып, көмектеседі. Бұл мұндай нұсқаудың естелікті қалпына келтіруге көмектесетінін немесе көмектеспейтінін бағалауға мүмкіндік береді.

Жапонияның когнитивті қабілетті тексеру тестінен иллюстрация мысалы

Соңында қатысушыға бірнеше қарапайым сұрақ қойылады: бүгінгі күнді, апта күнін және уақытты айту сұралады. Осылайша мамандар есте сақтауды, зейінді және уақытты бағдарлау қабілетін - көлікті қауіпсіз басқаруға тікелей байланысты дағдыларды бағалайды.

Тестілеу қорытындысы бойынша жалпы ұпай саны есептеледі. Нәтиже негізінде адамда деменцияның даму қаупі бар-жоғы туралы қорытынды жасалады.

Ұлыбритания

Ұлыбританияда тәсіл басқаша. 70 жасқа толғаннан кейін жүргізуші куәлігінің қолданылуы автоматты түрде тоқтайды, бірақ бұл көлік жүргізуге тыйым салынғанын білдірмейді.

Көлік басқару құқығын сақтап қалу үшін жүргізуші әр үш жыл сайын жүргізуші куәлігін тегін ұзартып отыруы керек.

Ұзарту кезінде ол өз денсаулығының көлікті қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретінін өз бетінше растайды. Егер адамда белгілі бір аурулар анықталса, ол бұл туралы Жүргізушілер мен көлік құралдарын лицензиялау агенттігіне (DVLA) хабарлауға міндетті.

Қажет болған жағдайда мекеме емдеуші дәрігерден қосымша ақпарат сұратуы немесе жүргізушіні медициналық тексеруге жіберуі мүмкін.

Германия

Германияда, керісінше, жас мөлшері қосымша тексеруге негіз болмайды.

В санатындағы жүргізуші куәлігінің иелері үшін белгілі бір жасқа толғаннан кейін міндетті медициналық тексерулер де, когнитивті тесттер де қарастырылмаған. Жүргізуші куәлігі мерзімсіз болып қала береді.

Бұл ретте билік жеке жауапкершілік принципін ұстанады. Жүргізуші өз денсаулығын өзі бағалап, егер ол жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін болса, көлік жүргізуден бас тартуы тиіс деп болжанады.

Сонымен қатар Германияда егде жастағы автокөлік жүргізушілеріне өз еркімен медициналық тексеруден және жүргізу дағдыларын арттыру курстарынан өту ұсынылады, бірақ мұндай тексерулер міндетті емес.

АҚШ

Америка Құрама Штаттарында егде жүргізушілер үшін бірыңғай ереже жоқ - талаптарды әр штат билігі бекітеді. Көптеген штатта жас мөлшері көлік жүргізу құқығын шектемейді.

Алайда штаттардың жартысынан көбінде белгілі бір жасқа толғаннан кейін жүргізуші куәлігін ұзарту ережелері өзгереді. Көбінесе жүргізушілер куәлікті жиірек ұзартуға, қашықтан ұзартудың орнына DMV бөлімшесіне жеке баруға немесе міндетті көру қабілетін тексеруден өтуге міндетті болады.

Кейбір штатта денсаулық жағдайына күмән туындаған жағдайда қосымша медициналық тексеру, жазбаша емтихан немесе жүргізу дағдыларын тексеру тағайындалуы мүмкін.

Сингапур

Сингапурда да жүргізушілер белгілі бір жасқа толғаннан кейін қосымша бақылаудан өтеді.

65 жасқа толуға шамамен екі ай қалғанда жүргізуші медициналық куәландырудан өту қажеттілігі туралы хабарлама алады. Тексеруден сәтті өткеннен кейін ол жүргізуші куәлігін ұзарта алады.

Егер билік өкілдерінде адамның денсаулық жағдайы көлікті қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретіндігіне күмән туындаса, оны қосымша медициналық тексеруге жіберуі мүмкін.

Егер жүргізуші көлік құралын басқаруға жарамдылығын растамаса, оның жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылуы мүмкін.

Қазақстанда көлік жүргізу үшін жас шектеуі бар ма?

Полиция департаменті мәліметінше, автокөлікті басқару үшін ең жоғарғы жас белгіленбеген, көлікті 80-де де, 90 жаста да басқаруға болады. Дегенмен, кейбір шектеулер бар.

"Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін жас мөлшері 18-ден төмен болмауы тиіс. Бұл ретте заңда ең жоғарғы жас шегі қарастырылмаған. Дегенмен, егде жастағы жүргізушілер куәлікті ауыстыру немесе қайта тапсыру кезінде медицина қызметкерлерінің қорытындысы негізінде денсаулық жағдайына байланысты белгілі бір шектеулерге тап болуы мүмкін", - деді полиция өкілдері.

Қандай аурулар кезінде рөлге отыруға тыйым салынады?

Егер жүргізушіде келесі аурулар анықталса, оған куәлік берілмейді немесе кезекті медициналық тексеру кезінде одан айырылады:

Психикалық бұзылу Ауыр белгілері бар созылмалы психикалық аурулар (шизофрения, сандырақтау). Аффективті бұзылу (ауыр депрессия, биполярлы бұзылу). Тұлғалық бұзылу (мысалы, антиәлеуметтік мінез-құлық). Ақыл-ой кемістігі. Наркомания және алкоголизм (егер ремиссия 2 жылдан аз болса). Неврологиялық аурулар Эпилепсия. Көру қабілетінің бұзылуы Ахроматопсия (түстерді ажырата алмау). Екі көздің де көрмеуі.

Осылайша, Қазақстанда бастапқыда басқаша көрінсе де, көлік жүргізуге жас мөлшері бойынша тыйым салынбайды. 25 тамызда күшіне енетін жаңа ережелер қазақстандықтарды 65 жастан кейін көлік басқару құқығынан айырмайды. Олар тек жүргізушілердің денсаулық жағдайына қосымша бақылау енгізеді.

Өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей, мұндай тәсіл бүгінде кеңінен таралған: шектеулер көбінесе жасқа емес, медициналық көрсеткіштер мен адамның рөлде қауіпсіз отыру қабілетіне байланысты.

Тағы оқыңыз: Жетісу облысында жүргізушілер медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты куәлігінен айырылуы мүмкін

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью