Қазақстан Еуразияның тасымал торабы

07.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Мемлекет басшысы жуырда Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы транзиттік және логистикалық мүм­­кіндік жайын талқылаған бо­латын. Сонымен қатар Пәкіс­тан­ның Карачи және Гвадар порт­та­рының әлеуеті, Транскаспий көлік дәлізін дамыту, Қазақстан – Тү­рікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы теміржол бағытын іске асыру перспектива­ларына тоқ­талған еді. Бұл жөнінде Жолдауда да айтылып, көлік-транзиттік әле­уетін дамытудың нақты бағытын айқындап берген болатын.

Таяудағы Үкімет жиынында да Қазақстанды Еуразия кеңістігін­дегі басты көлік торабына айнал­дыру бойынша стратегиялық мін­дет қойылғаны аталды. Үкімет де­регінше, 2023 жылы транзиттік тасымалдау көлемі 19 пайызға өсіп, 24,8 млн тоннаны құраған. 2024 жылы транзиттік жүк көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсіп 27,4 млн тоннаға жет­кен. 2025 жылы 10 айында не­гізгі көрсеткіш­тер бойынша оң динамика бай­қалған. Көлік қыз­меттерінің кө­лемі 20,7%-ға өсті. Негізгі ка­пи­тал­ға салынған ин­вес­тициялар 18,4%-ға артты. Ал транзиттік жүк­тердің көлемі 29,4 млн тоннаға жет­ті, оның өсу дең­гейі 5%-ды құ­райды. Транспорттық жүк тасы­малдау әлеуетін 2029 жылға дейін 67 млн тон­наға дейін көтеру межесі бар. Демек, транс­порттық тасымал көлемі жылдан-жылға артып келеді. Бұл көрсет­кіштер көлік-транзитін дамыту керек дегенді аңғартып тұр. 

Логистика саласының маманы Мейірбек Өтеп еліміздің логис­тика саласын өркендету баста­ма­сын оң бағалайды. Ол Қазақстан Еуропа мен Азия арасында үлкен логис­тикалық хабқа айналу ісін жедел­тетіп, жол-құрылысы мате­риал­да­рын жасайтын зауыттар құру қажет деп біледі. 

– Транспорттық-логистиканы қолға алып, Еуропа мен Азия ара­сында үлкен логистикалық хаб­қа айналдыру – жақсы бас­тама. Қа­зақ­стан – Түрікменстан – Ауған­стан – Пәкістан бағытын­дағы те­міржол бағытын іске асыруды діт­тейді. Бұл жолды салуға темір, тас, смола, әртүрлі қосынды мате­риал керек. Сондықтан жол-құ­ры­лысына қажетті материалдар жа­сайтын зауыттар құрылысын кө­бейту керек. Әйтпесе, Қытай, Ре­сейден жол-құрылыс материал­дарын тасуға тура келеді. Біз 50-60 пайыз сол елдерді керекті заттар­мен қамтамасыз етсек, өзімізде жұ­мыс орындары ашылады. Әсі­ресе, Ауғанстан тұсында жүктердің аман-есен, қауіпсіз өтуіне кепіл­дікті барынша пысықтап алған жөн. Қазақстан аумағынан жүк кө­ліктері, туристік саяхат жасау­шы­лар 2-3 мың шақырымда жүріп өткенде, үлкен қолайлылықты се­зініп, ғажап әсер алып өтуге тиіс. Осы жолдардың бойында авто­жөн­деу, теміржол бекеттері маңында түрлі сервистік қызмет, тегін ин­тернет желісін де іске қосайық. Егер Пәкістанның Карачи мен Гвадары­на шығуға мүмкіндік алсақ, ло­гис­ти­­калық тынысымыздың ашыл­ға­ны болар еді, – деп санайды маман. 

Экономикалық табыс тетігі

Елдің халықаралық бағыттар­дағы логистикалық дәліздердің дамуымен қатар, ішкі жолдардың жандануына да баса мән берілетін көрінеді. Көлік министрлігі дере­гінде, транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту шеңберінде теміржол саласында өткізу қабі­летін арттыру мақсатында бірқатар негізгі инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. «Достық – Мойын­ты» учаскесінің екінші жолдарында (ұзындығы – 836 шақырым, нәти­жесі – өткізу қабілеті 5 есе өсті (12-ден 60 пойызға дейін) және Ал­маты айналма теміржолы (ұзын­дығы – 75 шақырым, жүктерді жет­кізу мерзімі 24 сағатқа дейін қысқарды және Алматы теміржол торабы 40% босады) бойынша қоз­ғалыс іске қосылмақ. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, ҚР Қаржы ми­нистрлігінің Мемлекеттік кіріс­тер комитеті және Global DTC ком­паниясы арасындағы бірлескен жоба шеңберінде кедендік ресімдеу процестерінің ашықтығын арттыру және автоматтандыру мақсатында кедендік транзитті қағазсыз ресім­деуді көздейтін Tez Customs плат­формасында сервисті енгізу бо­йынша жоба іске асырылды. Мұ­ның нәтижесі – Қазақстан мен Қы­тай шекарасында кедендік тран­зитті ресімдеу процесін авто­мат­тандыру, транзиттік декла­ра­цияларды ресімдеу және шығару уақытын жүк келген сәттен бастап 30 минутқа дейін қысқарту, адами факторды барынша азайту, сондай-ақ қағаз құжаттарының айналымын толық алып тастау. Сондай-ақ жүк­тер қозғалысының online-мони­торингі жүзеге асырылмақ. Тасжол мәселесі бойынша Мемлекет бас­шысы «Бейнеу –Сексеуіл» «Орта­лық – Батыс» жобасын қолдады, ұзындығы – 725 шақырым, іске асыру мерзімі – 2026-2029 жылдар. Автожолды салудың техника-эко­номикалық негіздемесі әзірленді, мемлекеттік сараптамадан өтті, қазіргі уақытта жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі, сон­дай-ақ Дүниежүзілік банкі жағынан қаржыландыру мәселесі пысық­талуда делінген министрліктің біз­ге дерегінде. Қазақстанның кө­лік-транзиттік әлеуеті – бұл жай ғана инфрақұрылым емес, бұл – ел экономикасының стратегиялық ар­тықшылығы. Біздің география­лық орналасуымыз Еуропа мен Азияның ортасында тұр, сондықтан Қазақстан табиғи түрде құрлықтағы негізгі логистикалық көпір рөлін атқара алады деп сараптайды қар­жыгер Бексұлтан Тұр­сын­бекұлы. Қаржы сарапшысының сарап­тауынша, транзит бұл Қа­зақ­стан­ның болашақтағы «жаңа мұ­найы» екен. Бірақ айырмашы­лығы – бұл сарқылмайтын, тех­нология мен басқаруға байланысты өсетін табыс көзі деп есептейді.

– Транзиттен түсетін табыс – мұнай немесе металл сияқты ши­кізат емес, бұл – тұрақты қызмет көрсету экономикасы. Яғни, біз өз аумағымыз арқылы өтетін әрбір жүк үшін ақша табамыз: теміржол тарифтері, автожол төлемдері, ло­гистикалық қызметтер, терминал­дар, қоймалар – барлығы бюджетке кіріс әкеледі. Ең алдымен, көлік саласы жалғыз өзі дамымайды, ол өзімен бірге тұтас экожүйе алып келеді. Жол салынса, оның бо­йын­да сервистік бизнес дамиды. Те­міржол күшейсе, логистикалық ор­та­лықтар, қоймалар, кедендік қыз­меттер көбейеді. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, шағын және орта бизнеске мүмкіндік, өңір­лердің дамуы. Тағы бір ма­ңыз­ды әсері – Қазақстанның экспорт­тық әлеуеті өседі. Себебі дамыған инфрақұрылым тек транзитке емес, өзіміздің тауарды сыртқа шы­ғаруға да тиімді жағдай жасайды. Логистика арзандаса, біздің өнім­нің бәсекеге қабілеті артады. Көлік дәліздері – бұл тек экономика емес, бұл – геосаясат. Қай ел арқы­лы негізгі жүк ағындары өтсе, сол елдің маңызы артады. Қазақстан бүгінде Еуразиядағы баламалы әрі қауіпсіз бағыт ретінде қарасты­ры­лып отыр. Бұл бізге инвестиция тар­туға, халықаралық серіктестікті нығайтуға және аймақтағы рөлі­мізді күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді қаржы сарапшысы. 

Жол салу ісі жалғасады

Көлік министрлігіні мәлі­ме­тінше, қазір Қазақстан арқылы 13 ха­­лықаралық көлік дәлізі өтеді. Со­­ның 5-уі теміржол, 8-і автомо­биль дәліздері. 2026 жылы бірқатар маңызды өзгеріс пен жетілдіру кү­тілуде. Бұл өзгерістер еліміздің тран­­зиттік әлеуетін арттыруға, та­сы­малдардың тиімділігі мен тұ­рақ­­т­ылығын қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Көлік министрлігінің БАҚ-пен жұмыс басқармасының бас­шысы Даулет Самбетбаев көлік-транзиті бағытында атқарылып жатқан іс­терден толыққанды хабардар етті. Оның сөзінше, тар жолдар ке­ңейтіліп, темір жолдардың ескір­ген тұстары жаңарып, тасжолдарды елді мекен сыртынан өтетіндей етіп салып, Ақтау теңіз портын терең­детіп қазып, үлкен терминалға ай­налдыру бойынша бірқатар жұмыс қолға алыныпты.

– Бізде транзиттік бағыттардағы «тар жерлерді» жою, теміржол, жол, порттық хабтар мен логис­ти­калық орталықтар жаңғыртылуда. Теміржол саласында 1 700 ша­қы­рымға жол бойында жұмыстар жүр­гізіліп, 836 шақырымды құрай­тын Достық – Мойынты толық іске қосылды. Бұл жоба қабілетін 5 есеге арттырып, Шығыс – Батыс бағытындағы дәліздерді тартымды етеді. 75 шақырым учаскеде Алма­тыны айналып өту жобасы салы­нып, пойыздардың жүріп өтуі жүзеге асырылуда. Дарбаза – Мақ­таарал 152 шақырым, Қызылжар – Мойынты 329 шақырым, Бақты – Аягөз 297 шақырым жобаларын іске асыру жалғасуда. Бейнеу – Маңғыстау, Шалқар – Бейнеу, Ал­тынкөл – Жетіген, Ақсу – Семей және Қызылжар – Шалқар учаске­лерінде модернизациялау жүргізі­луде. Автомобиль жолдары сала­сында осы жылы 11 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамты­лады. Басым бағыттар – Жезқаз­ған – Қарағанды, Ақтөбе – Ұл­ғай­сын, Сарыағашты айналып өту және Атырау – Доссор учаскелері. 2026 жылы теңіз порттарының қуа­тын кеңейту үшін Ақтау портында те­реңдету жұмыстары басталады. Құрық портындағы «Саржа» көп­функционалды терминалын салу жалғасады. Дәліздердің интегра­циясы мен үйлесімділігі жақсарады. Қазақстан аймақтық және халық­аралық серіктестерімен бірлесіп, транзиттік маршруттарды үйлестіру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл әсіресе Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс бағыттары бойын­ша логистикалық ағындарды тұ­рақ­тандыруға септігін тигізеді. Цифрлық платформа мен цифр­ландырудың рөлі артады. Біріккен ақпараттық жүйелер, «жасыл» дә­ліздер, электрондық кедендік рә­сім­дер және логистикадағы авто­мат­тандыру транзиттік процестерді тездетіп, құжат айналымын айтар­лықтай жеңілдетеді. Бұл коммер­циялық операторлар үшін Қазақ­стан бағытын тартымды етеді, – деді министрлік өкілі.

Айта кетейік, трансшекаралық хабтарды құру мен дамытудың мақ­саттары, міндеттері және тәсілдері Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға де­йінгі тұжырымдамасында көз­дел­ген. Үкіметтің 2025 жылғы күз­дегі отырысындағы дереккөздеріне барлығы бес трансшекаралық хаб­тың инфрақұрылымдық базасы қамтамасыз етілуде. «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы үшін теміржол желісі салынып жатыр екен. «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің ай­налма жолы жөндеуден өтуде. Ақ­тау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Құрық портында көпфункцио­нал­ды терминал құрылысы жүріп жа­тыр. Теміржол және порт инфра­құ­рылымдары транзиттік ағындарды өңдеуге бағытталған көрінеді. 

Тоқетері, біздің елде «Қазақ­станның көлік-логистикалық әле­уетін дамытудың» 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзір­лен­ген. Сон­дай-ақ биыл шілдеге дейін «E‑жол­дар» жүйесі жолдардың жағдайын есепке алу, ақауларды тіркеу және жұмыстардың орын­далуын он­лайн-режимде бақылау құралы іске қосылмақ. Ақтау теңіз порты ұл­ғай­тылып жатыр. Мем­ле­кеттік ше­кара арқылы өткізу пункт­терін жаңғырту жұмыстары тә­мам­далып келеді. Соның нәти­же­сінде 5 өткізу пункті іске қо­сыл­мақ. Осы аталған көрсеткіштер нәти­жесінде еліміздің шикізатқа деген тә­уелділігі азайып, қосымша жұ­мыс орындары ашы­лып, ел қа­зы­­на­сы толыға түседі деген сенім мол.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью