Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. "Бәйтерек" ЖШС басқарма төрағасы, ғарышкер Айдын Айымбетов Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны қолға алған жоба аяқталуға жақын екенін хабарлады.
© Sputnik / Санат Имангалиев"Бәйтерек" ЖШС басқарма төрағасы, ғарышкер Айдын Айымбетов
"Бәйтерек" ЖШС басқарма төрағасы, ғарышкер Айдын Айымбетов
© Sputnik / Санат Имангалиев
Айымбетовтың айтуынша "Союз 5/Сұңқар" тасымалдаушы зымыраны "Байқоңыр" ғарыш айлағына жеткізілді және қазіргі таңда автономды сынақтан өтіп жатыр.
"Ұшырылым 2025 жылдың соңына жоспарланған еді, бірақ тағы бір автономды сынақ өткізу туралы шешім қабылданды. Біз үшін ең бастысы – сәтті ұшыру. Менің ойымша, бірінші тоқсанның соңында біздің "Сұңқар" зымыранымыз ұшырылады", – деді "Бәйтерек" ЖШС басқарма төрағасы.
Ол жобаның Қазақстанға қандай пайда әкелетінін айтты.
"Қазақстан ғарыш державаларының толық циклына еніп жатыр – яғни ғарыш аппараттарын жасау, оларды ұшыру қызметін көрсету мүмкіндігіне ие болады. "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ұшыру қызметін көрсетеді және Қазақстан ғарыш аппараттарын өз бетінше ғарышқа ұшыратын елдердің қатарына қосылады", – дейді Айымбетов.
Ғарышкер бұл сыртқы саясат мәселесі ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар мен инвестицияларды тарту мүмкіндігі екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол Илoн Маск таяуда мәлімдеген "өзге ғаламшарларға қоныстану жобасына Қазақстан қосыла ала ма?" деген сұраққа жауап берді.
"Илон Масктың идеялары жақсы және уақытылы. Мен ұлы ғалымның сөзін қайталаймын: Жер – адамзаттың бесігі. Бірте-бірте адамзат одан шығуы керек. Әрине, Марсқа дейін әлі алыс, ең алдымен біздің серігіміз Айға жол ашылмақ. Жақында NASA 6 наурыздан бастап Айға ұшуды бастайтынын жариялады, адамзат Айға қайта оралғаннан кейін жақын арада Марсқа да ұшады", – деді Айымбетов.
Дегенмен, спикердің айтуынша, ғарыш жобалары қымбатқа түседі және оларға көптеген ел қатысуы қажет. Қазіргі таңда Қазақстан бірнеше халықаралық жобаға қатысып отыр. Мысалы, Халықаралық ғарыш станциясы – 17 елдің жобасы.