Қазақстан Индонезияға ет пен астық экспортын ұлғайтпақ

12.05.2026

7kun.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Астанада Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның екінші отырысы өтті.
13 жылдан кейін ұйымдастырылған кездесуде тараптар сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және туризм бағытындағы серіктестікті кеңейтуді талқылады.

Жиында Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ал Индонезия делегациясын Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министр Аирлангга Хартарто басқарды.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі саналады. Оның сөзінше, былтыр қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісім экспорт пен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Қазақстан тарапы Индонезияға экспортталатын тауар түрлерін кеңейтуді ұсынды. Әсіресе, ферроқорытпа, астық және халал ет өнімдерін жеткізуге басымдық берілмек. Министрдің мәліметінше, Индонезияның бидай импортына деген сұранысы биыл 13 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Қазақстан жоғары сапалы, желімтегі мол бидайды тұрақты жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Кездесуде көлік-логистика саласы да назардан тыс қалмады. Тараптар мультимодальды бағыттарды дамыту мен Ляньюньган дәлізі арқылы контейнерлік теміржол қатынасының пилоттық жобасын талқылады.

Туризм саласында да өсім байқалады. Қазақстаннан Индонезияға барған туристер саны 2023 жылғы 8,2 мың адамнан 2025 жылы 24,4 мың адамға дейін артқан.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью