Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Осы аптадағы жаңа премьераларды Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
ЕМШІ 2: АВИЦЕННАНЫҢ МҰРАСЫ (Лекарь 2: Наследие Авиценны) 8.0⭐️
Жанры: драма
Ұзақтығы: 142 минут
Елі: Германия, 2025
Режиссер: Филипп Штёльцль
Парсыдан келген дәрігер Роб Коул әйелінің қайғылы қазасынан кейін баласымен бірге Англияға келеді. Алайда қала ережелеріне байланысты Лондонға кіруге тыйым салынғандардың қатарына ілігіп қалады. Соған қарамастан, ол мұқтаж жандарға арналған клиника ашып, өзінің ерекше емшілік қабілетін танытады. Мұны байқаған патша Роб Коулды қызын емдеуге шақырады. Алайда биліктің дәл ортасында оны ауыр сынақтар күтіп тұр. Мұнда адам өмірін сақтап қалу құқығын тек біліммен ғана емес, сонымен бірге батылдықпен де қорғауға тура келеді.
КУТЮР 5.9⭐️
Жанры: драма, мелодрама
Ұзақтығы: 106 минут
Елі: Франция, АҚШ, 2025
Режиссер: Алис Винокур
Нью-Йорктік өршіл режиссер Максин арман қуалап, махаббат пен сәннің мекені – Парижге аттанады. Оның мақсаты – Жоғары сән апталығының жылтыраған сыртқы бейнесін емес, оның көлеңкеде қалған, шынайы әрі қатал «сахна сыртын» түсіру. Түсірілім алаңындағы қарбаласпен бірге Максиннің алдынан сан түрлі тағдырлар ашылады. Олар – подиумдағы жасанды күлкі мен қымбат маталардың артына жасырынған, мұң мен қуанышқа толы қарапайым адамдардың хикаялары. Осы бір күрделі шығармашылық жолда оның жанынан келбетті де сүйкімді оператор Антон табылады. Камера объективі арқылы әлемді бақылайтын екі жанның кәсіби одақтастығы көп ұзамай нәзік сезімге ұласады.
МҰРАГЕР (Наследник) 8.3⭐️
Жанры: комедия, триллер
Ұзақтығы: 105 минут
Елі: Ұлыбритания, Франция, АҚШ, 2026
Режиссер: Джон Паттон Форд
Сән-салтанаты келіскен сарайлар, жеке ұшақтар, тіпті жекеменшік аралдар. Редфеллоу әулетінің байлығы миллиардтармен өлшенеді. Осының бәрін мұраға алуды Беккет те армандайды. Алайда әулеттің басшысы одан ол дүниеге келмей тұрып-ақ бас тартқан. Соған қарамастан, ол өзі қалаған өмірге қол жеткізгісі келеді. Бірақ бұл жолда оған әулеттің ерке, дәулетті жеті мұрагері кедергі. Мұраға жету кезегін тездету үшін Беккетке отбасы ағашының бірнеше «бұтағын» кесуге тура келеді. Яғни ол адам өлтіргені үшін жазаға тартылмайтындай айлакер әрі батыл әрекет етуі керек.
ҚАРА АУЛА КИНОДА (Чёрный двор в кино) 8.5⭐️
Жанры: драма, криминал
Ұзақтығы: 129 минут
Елі: Қазақстан, 2026
Режиссер: Данияр Болотбеков
«Қара аула» – бұл бақытты балалық шақтың бір-ақ сәтте қалай талқан болғанын баяндайтын оқиға. Осыған дейін жан достар болған Муха мен Боб енді темір тордың екі жағында: бірі тар қапастан қашудың жолын ойласа, бірі досын күзетуге мәжбүр. Көше заңы мен заң алдында берілген ант. Олардың ендігі таңдауы кімнің еркіндікке шығып, кімнің өткеннің тұтқыны болып қалатынын шешеді.
ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ 8.4
Жанры: мелодрама
Ұзақтығы: 98 минут
Елі: Қазақстан, 2026
Режиссер: Анвар Матжанов
Сценарист Айдар қарым-қатынас туралы фильмге идея іздеп жүріп, психологпен танысады. Екеуі бірге үйленгеннен кейін махаббаттың шын мәнінде неге ұшырайтынын және «мәңгілік» деп басталған сезімдердің не себепті өмір шындығымен бетпе-бет келетінін түсінуге тырысады.
Олардың назарында бірнеше оқиға бар.
Табысты менеджер Жанар және ошақ қасының ұйытқысы болуды өз мойнына алған жұбайы Жандос. Күйеуінің опасыздығын бастан кешіріп, күрделі таңдау алдында тұрған Қарлығаш. Бала сүюді армандаған, бірақ шешімі қиын мәселеге тап болған жас жұп.
Кім сезімін сақтап қалады, ал кім бәрін жаңадан бастауға бел буады?
БАҚА ХАНШАЙЫМ 2 (Царевна-лягушка 2) 7.5⭐️
Жанры: шытырман оқиға, қиял-ғажайып, отбасылық
Ұзақтығы: 89 минут
Елі: Ресей, 2026
Режиссер: Александр Амиров
Кощейдің қарғысын қайтарған, Иван ханзада мен Василиса көптен күткен үйлену тойларына дайындалып жатыр. Бірақ тура неке қию салтанатында ежелгі қара күш оянып, қалыңдықты ұрлап кетеді. Қалыңдығы Василисаны құтқару үшін Иван мен қарындасы Варя достарымен бірге Тамантархан патшалығына аттанады. Ол жерде небір сынақтардан өтіп, түрлі ғажайыптарға куә болып, қара сиқырды да жеңуге қауқарлы нағыз махаббат сыналады.
КАЛЕВАЛА: АЛҒАШҚЫ ВИКИНГ (Калевала: первый викинг) 6.0⭐️
Жанры: драма, тарих, қиял-ғажайып
Ұзақтығы: 121 минут
Елі: Финляндия, 2026
Режиссер: Антти Йокинен
Бөтен тайпада тәрбиеленген викинг құлдыққа түседі. Ол осы жерде өз ата-анасы шыққан жауынгерлер әулетінің соңғы өкілдерін жолықтырады. Солардан ол өзін бағып-қаққан қауым жақындарының өліміне кінәлі екенін біледі. Енді оның жалғыз ғана жолы бар – кек жолы.
ЕКІ, ҮШ – ЕЛЕС, КЕЛ! (Два, три, призрак, приди!) 6.0⭐️
Жанры: хоррор
Ұзақтығы: 94 минут
Елі: Оңтүстік Корея, 2025
Режиссер: Сон Дон-ван
Тылсымға толы қорқынышты фильмде Ча Ённің хикаясы баяндалады. Оның өткен өмірінде құпия бар. Енді оның мектептегі достары некромантия жорасын өткізіп, аруақтарды шақырады.
ОНЫ ЕСКЕ САЛУ (Напоминание о нем) 8.6⭐️
Жанры: драма, мелодрама
Ұзақтығы: 114 минут
Елі: АҚШ, 2026
Режиссер: Ванесса Касвиль
Түрмеден шыққаннан кейін бір әйел кішкентай қызымен қайта қауышуға тырысады. Алайда оған баласын қамқорлығына алған бар иесінен басқа ешкім қолдау көрсетпейді. Қоғамның қарсылығына қарамастан, ол қызымен арадағы байланысты қалпына келтіруге талпынады. Екеуі бір-біріне жақындай түскен сайын, әйел жарқын болашақ құру үшін өткендегі қателіктерімен бетпе-бет келуге мәжбүр.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.