Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстан 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына еніп, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд АҚШ долларынан асыруды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған мақсатқа жету үшін ел экспортты қолдаудың жекелеген шараларынан жүйелі салалық басқару моделіне көшіп, шикізат базасынан бастап өңдеу, логистика және мақсатты нарыққа дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруға ниетті.
Мәселе Экспорттық штаб отырысында талқыланды. Жиынға Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков төрағалық етті.
Кездесуде агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер мен қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою жолдары қаралды.
2025 жылдан бастап Экспорттық штабтың жұмысы жаңа форматқа көшті.
Бұған дейін жекелеген мәселелер шеңберінде өткен талқылаулардың орнына мамыр–желтоқсан айлары аралығында QazTrade алаңында бес салалық отырыс ұйымдастырылды.