Қазақстан Лаос арқылы Оңтүстік Шығыс Азияға тауар экспортын арттырады

03.09.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Халық Демократиялық Республикасы президенті Тхонглун Сисулит кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.

Тоқаев Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

"Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің мүмкіндігі мол екенін көріп отырмыз. Ең алдымен, металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз", – деді президент.

Мемлекет басшысы екі елдің көлік-логистика саласындағы ықпалдастығына назар аударып, Лаостың бұл бағыттағы табысын жоғары бағалады.

"Қазақстан Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Біз Лаостың теңізге шығатын жолы жоқ елден Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін байланыстырушы елге айналу жолындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Лаос – Қытай теміржолы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытаймен және Еуропамен жалғауға жол ашты. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет", – деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос елдің де мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Мемлекет басшыларының қатысуымен мынадай үкіметаралық құжаттарға қол қойылды:

1.

Қазақстан Республикасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар туралы өзара түсіністік меморандумы;

2.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Жоғарғы халық прокуратурасы арасындағы өзара түсіністік меморандумы;

3.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Ғылым және технологиялар министрлігі арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және электрондық мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы;

4.

Қазақстан Республикасы Астана қаласы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы Вьентьян қаласы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандум.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью