Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Құжатқа Kent State University университетінің президенті Тодд Дайакон мен Азаматтық авиация академиясының Басқарма төрағасы және ректордың міндетін атқарушы Қайрат Жақыпов қол қойды.
Меморандум тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және авиация саласының мамандарын даярлау, сондай-ақ ғылыми-білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған. 2025-2026 жылдар аралығында әріптестік аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп, білім беру бағдарламаларын алмастыру және ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары талқыланды.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігіҰйымдастырылған жұмыстар барысында екі тарап білім беру әдістерінің негізгі құзыреттері бойынша ұқсастығын атап өтіп, ынтымақтастықты тұрақты дамытуға келісімге келді. Меморандумға қол қою осы диалогтың жалғасы ретінде бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықты одан әрі нығайту 2026 жылғы қаңтарда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Kent State University университетінің жаһандық білім беру жөніндегі вице-президенті Марчелло Фантонидің келіссөздері барысында талқыланды. Келіссөздерде қос диплом бағдарламаларын енгізу, Халықаралық авиация университетінің тұжырымдамасын әзірлеу, академиялық ұтқырлықты арттыру және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері қаралды.
Алғашқы кезеңде ұшқышсыз авиациялық жүйелер, әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету, әуе кемелерін техникалық пайдалану бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске қосу жоспарланған. Бұл кезең білім беру шешімдерін үйлестіруге және студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға бағытталған.
Тараптар ынтымақтастықты кеңейтіп, кешенді білім беру бастамаларын пысықтауды қарастырады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу саласында авиациялық технологиялар, тұрақты даму және саланы цифрландыру бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралады.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігіБарлық бастама академиялық, ұйымдастырушылық және реттеушілік талаптарды ескере отырып кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте біліктіліктерді тану, білім беру стандарттарын үйлестіру және нормативтік реттеу мәселелері тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен реттеледі.
Азаматтық авиация академиясы мен Kent State University арасындағы меморандум екі елдің білім және ғылым саласындағы ұйымдары арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және мамандар даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қазақстан авиация саласында кадр даярлаудың жаңа кезеңіне қадам басқанын жазғанбыз.